20.04.2022
  138


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЕЛБАСЫНА ХАТ

Ақындарды көргенде тұра қашқан
Әкім қанша жүрегін қына басқан.
Айбатынан жау қашқан Абылай да,
Бұқар жыраудың сөзіне құлақ асқан.
Сұлу дүние тұрғанда қасын керіп,
Талай ақын жырлаған шашын өріп.
Ал солардың ішінде жырау жоқ па,
Бұқардайын жүретін қасыңа еріп.
Зауал туса егерде қан құсатын,
Қонаққа арнап кім сойсын жалғыз атын.
Ханның бәрі жол тапқан қысылғанда,
Қасына еріп жүргенде абыз ақын.
 Көктем болып еспесе самалы елдің,
Тауы қайтпай тұра ма табанды ердің.
Елдің бірі болсақ та байлығы асқан
Бәрі неге қайыршы қаламгердің.
Жетім бала секілді ел шетінде
Қалған соң ба
қайғы көп келбетінде.
Қайыршыға айналған ақындары
Бізден өзге жұрт бар ма жер бетінде.
Асқар тауы алыста бұлдыраған,
Заман боп тұр, қайтейін, тұнжыраған.
Ақындардың тынысын тарылтқалы
Нарық қысып кеудесін шынжырлаған.
Өкіметке өгей боп өз баласы,
Алты алаштың боздауда боз даласы.
Елдің көші ешқашан түзелмейді,
Ақындарға түзелмей көзқарасы.
Қырау шалып үлгерген ақ самайын,
Сізден өзге кімді, Аға, бақ санайын.
Ақындарға нұрыңыз түссе деймін,
Пушкиннің бағын ашқан патшадайын.





Пікір жазу