20.04.2022
  107


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚАРАҒАЙ

Құтқа айналған киелі шаңырағы
Үйдің, сірә, өше ме шам-шырағы.
Туған елде жайқалған Бәйтерексіз
Жерге үзіліп түспеген жапырағы.
Көктегенде жаныңның шынары өсіп,
Ұлы атаңнан бұйырған мұра көшіп.
Қай патшамен кездесіп, сөйлессең де
Жоғарыдан бір демің тұрады есіп.
Қасиеті көлінің жоғалғанда,
Айдынына аққу құс оралған ба.
Ақиқат боп жетіп ең байтақ елге
Ақиқаттың ауылы тоналғанда.
Жайғасқалы өзіңіз хан сарайға,
Ызғар шашқан сұм бар ма жаны арайға.
Қарсыласың жоқ емес содан, сірә,
Қарсы біткен бұтақтай қарағайға.
Кім бар Сіздей елді ойлап мұң кешетін,
Қысылғанда Қыдырмен тілдесетін.
Қарсыластың бәрінен құтыларсыз
Жаттың барып артына мінгесетін.
Қисық-қыңыр бұтағы оталғанда
Сұлуланып қарағай тік өсетін.





Пікір жазу