20.04.2022
  123


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚҰЛАҒАН ҮЙДІҢ АСТЫ

Туған елдің басынан қайғы асқанда,
Бақ жұлдызы жанды ма Айлы аспанда.
Қызыл Кеңес гүрс етіп құлаған-ды,
Тәуелсіздік төрге кеп жайғасқанда.
Тәуелсіздіктің бар екен өз қақпаны,
Құрылатын кек отын қоздатқалы.
Арамзалар жоқ емес атқа мінген
Бостандықтың ботасын боздатқалы.
 Жандар, сірә, негізі жарымаған,
Атқа мінсе атасын танымаған.
Бұл күндері сондайлар қаптап өсіп,
Аяз болып кімдерді қарымаған.
Ұрлық қылса ұйыған ұлтабары,
Кеудесінде нан піскен тұлға бәрі.
Жағдай айтып алдына кім барса да,
Жылап қайтқан жанының жылғалары.
Бастық біткен қайтеді арындамай,
Кедей-кепшік табады бабын қалай.
Бабалары тіріліп келсе-дағы,
Жібереді қайқайтып қабылдамай.
Көз жасына жесе де нанын малып,
Көрген емес елінің шамын жағып.
Малын бағып қазақтың көрмесе де,
Саяжайда күн кешкен жанын бағып.
Жанның бәрі сардар ма сапқа кірген,
Бақытты ма жан түгел бақта жүрген.
Арам сирақ көп әлі біздің елде
Халқын тонау үшін де атқа мінген.
Кім көрінген жетектеп бұйдасынан,
Жаңылды ма, сірә, өмір ұйқасынан.
Кілең жаман бұл күнде ел басқарып,
Көкірегінде күмбірлеп күй тасыған.
Құрт-құмырсқа шықпай ма жер бетіне
Қопарылып құлаған үй астынан.





Пікір жазу