20.04.2022
  194


Автор: Рафаэль Ниязбек

АЛМАТЫНЫҢ АҚЫНДАРЫ

Алматының алдаспан ақындары,
Өлең сөзден оқ жонған батыл бәрі.
Олар, сірә, кінәлі емес шығар
Кірмесе егер тобырдың ақылдары.
Алатаудай асқақтап дара тұрған
Жандар аз ба рухтардан жаратылған.
Ақындардың бәрі де бір-бір әлем
Терезесі ел жаққа қаратылған.
Сырласатын сырмінез жан іздеген
Олар арақ ішсе де, қан ішпеген.
Ақындардың күні әсте болған емес
Түйір нанды жасырып жалғыз жеген.
 Қандай зауал туса да сақылдаған,
Арлы ақындар ешқашан сатылмаған.
Сізді сатып Дат, Тақсыр, сыртыңыздан
Шырмауыққа шырмалып шатылмаған.
Қазақстан кемесі дауыл қуған
Шұғылалы жағаға жақындаған.
Қос өкпеден қысқанда нарық заман
Өр ақындар тағдырды тақымдаған,–
Үнсіз жатқан жанартау секілденіп,
От құрсанып тұрса да атылмаған.
Бұның бәрі Сізге, Аға, сенгендіктен,
Қасиетпен жүрген соң елге біткен.
Өшің кеткен жау жоқта, Мәртебелім,
Көшің кетіп барады өрде күткен.
Туған халқың досың да, сырласың да,
Жұмыр жердің тағдыры тұр басыңда.
Аға, Сізге ақындар қауіпті емес,
Қауіптілер бұғынып жүр қасыңда.





Пікір жазу