20.04.2022
  88


Автор: Рафаэль Ниязбек

САТҚЫН АҒАШ

Жол тартқанда көшіміз баққа қарай,
Дұшпан жоқ па от салған шапқа талай.
Айға асырып айдынын
Мінгіземіз
 Өгіз мінген Өмірді атқа қалай?!
Жапырақтай үзіліп түсіп қалған
Табаныңның астында жатқан арай.
Жағалауда қаңсып тұр талай кеме,
Жұрттың жайы ендеше қалай деме?
Жапырақтай қалтырап жерде қалған
Қара жерде жатады арай неге?!
Жанарымда тұр содан жас тығылып,
Алды-артымнан қиыршық тас суырып.
Көктөбенің көк иті көкке үргенде,
Жатады ылғи ішімде қасқыр ұлып.
Бақыт қайда оралса құз, далама,
Орманды елдің ойсызы сыздана ма?
Шірігенде бұғауы бодандықтың
Бостандықты біздерден қызғана ма?!
Бақыт тілей алмаған өз басына,
Айнала ма өмірдің қожасына.
Бодандықтың бұғауы шіріген-ді
Туған елдің шомылып көз жасына.
Қилы-қилы құйын көп бұл заманда,
Төнуі де мүмкін-ау бұлт табанда.
Бұралқыдай бұралаң жол шекпес ед
Елің Сізді о баста тыңдағанда.
Қаракеті болар бұл жат күштің де,
Содан, бәлкім, саяси атыс күнде.
Бомбы үстінде отырсың, Мәртебелім,
Отырғанмен құзырлы тақ үстінде.
Ханнан гөрі құзырлы таққа мінген,
Жұрттың бәрі бақытты бақта жүрген.
 Таба білген көңілін сардарлардың
Сатқын жоқ па сарбаз боп сапқа кірген.
Алатауға өр басын сүйегелі,
Талай мінген қазақтың күймеге елі.
Бір сатқынның кесірі болатұғын
Отырардың күл толып күйрегені.
Мәртебелім!
Сізді әлі бақ қолдасын,
Оққа айналмай тұра ма жат қорғасын.
Ормандардың түбіне жеткен жоқ па,
Бір ағашы балтаға сап болғасын.





Пікір жазу