20.04.2022
  77


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚАЙШЫЛЫҚТА

Туған елін туы жоқ жұртқа балап,
Құдай болған жан бар ма бұлтқа қамап.
Үретінді шығарды бұл күндері
Төбеті де төбенің сыртқа қарап.
Қайдан шықсын аузынан сөзі өңделіп,
Баянды елдің бағы үшін төзем көніп.
Президентті пір тұтпай жүрген қанша
Өзге жұрттың көсесін көсем көріп.
Тәуелсіз боп басына бақ қонғалы,
Алты Алаштың мінді ме атқа оңғаны.
Өз дауысын сайлауда бермесе егер,
Өз балаңның өзіңе жат болғаны.
Кімге дәрі сөзінің ақ-қарасы,
Жүріп жатқан мезгілде тақталасы.
 Жақсы емес-ау сырғанап жүрсе егерде
Айдыныңды босатпай жат баласы.
Өмір, шіркін, бара ма құнсызданып,
Жанарынан мөлтілдеп жұлдыз тамып.
Ұлтқа сұмдық қатерлі жаудан гөрі
Жанның бәрі үлгерген ұлтсызданып.
Алға озам деп ойлама кейін келіп,
Тар көңілдер кеңімес кең үйге еніп.
Шүлдіреген шіркіндер тіршілікте,
Сатылуға тұра ма бейімделіп.
Ақша бұлттар – желкенім, жерім-кеме,
Қауіп-қатер төнгенде шегін деме.
Жайшылықта Елбасын сатқан сұмдар
Қайшылықта сатпасын елін неге?!





Пікір жазу