20.04.2022
  119


Автор: Рафаэль Ниязбек

ОППОЗИЦИЯДАҒЫ КЕЙ ЖІГІТТЕРГЕ


Көңілінің бұзылып тас қамалы,
Кей жігіттің жоқ шектен аспағаны.
Күн ашықта қызынып жар салады,
Қан төгіске өз елін бастағалы.
Қалай көктеп, көгерсін бұл арманы,
Бұтақтары тұрса егер қуарғалы.
Туған елдің қанымен сол шіркіндер
Жүрген жоқ па егінін суарғалы.
Жақын қалды батуға күніміз деп,
Ала тайдай тулайды бүлік іздеп.
Ұсақ дию секілді барлығы да
Құмырадан шығарған жынын күштеп.
Сардарына айналған үмітті елдің,
Сара жолын ұстанбай білікті ердің.
Билік үшін баратын қан төгіске
Қарақшыдан несі кем жігіттердің.
 Қас жаман да жоқ емес алақтаған,
Қасиетті хан тағын қарақтаған.
Солар айтса: бұл күнде секілді әлі,
Азаттықтың арайлы таңы атпаған.
Өтірікті жамылып шекпен етіп,
Сері атанған жан бар ма шетке кетіп.
Бастағалы жүргендер қырғынға елін,
Жау жағына сатқындар кеткен өтіп.
Қабарса да қар жауып қабағынан,
Азаттықтың асы өтпес тамағынан.
Қайдан білсін сабанға айналарын
Сатқындықтың дән жиған сабағынан.





Пікір жазу