20.04.2022
229
ЖАМАНДЫҚ БОЛЫП ЖҮР ҚАЙТЫП
Арыстан кеуде Алаштың
Ойлаған бар ма тағдырын.
Өзі отырған ағаштың
Қиғандар қанша тамырын.
Жақсылыққа баулып, үйретіп
Аруақ қалай жебесін.
Жүргендер қанша күйретіп,
Өздері мінген кемесін.
Айналып мылқау кереңге,
Ақымақ қанша даулаған,
Батырып түпсіз тереңге
Қайығын балық аулаған.
Арақтан ісіп көздері,
Бақ санап сұлап жатқанын,
Жүретін жолға өздері
Құрғандар қанша қақпанын.
Түспеймін дей ме құрыққа,
Жағасы тозып, жыртылып,
Суын ішкен құдыққа
Жүргендер қанша түкіріп.
Оңбаймыз, сірә, түбінде,
Ұқтырасың ақыл кімге айтып.
Жақсылық содан бүгінде,
Жамандық болып жүр қайтып