20.04.2022
238
БЕЛІҢДЕ ҚЫЛЫШ ТҰРҒАНДА
Жебесін атқан алысқа,
Ер бар ма елге сыймаған.
Алпысқа келген арысқа
Елбасы қылыш сыйлаған.
Ер жігіт азап шегерде,
Бекіне түскен құрыштай.
Жалғандық көрсең егерде,
Қиып түс деген қылыштай.
Қашқанға батыр құныс та,
Жүрегің жасып, қыңбасын.
Сынса да қылыш ұрыста,
Ешқашан сағың сынбасын.
Ерлікті жүрген сағынып,
Мұратқа қай ер жетпесін.
Жүріңдер қылыш тағынып,
Сардарлық бойдан кетпесін.
Еңсесі биік елімде,
Көңілім кімге толмаған.
Қылышы жоқтар белінде,
Тегінде өткір болмаған.
Бейбіт құс неге ұшпасын,
Ізгілік мойнын бұрғанда.
Беліңнен қай жау ұстасын,
Беліңде қылыш тұрғанда.