20.04.2022
  99


Автор: Рафаэль Ниязбек

СІЗ БАРДА, АҒА

Ес жисақ та тәуелсіз күнге жетіп,
Жұртпыз әлі есесі жүрген кетіп.
Іргесінен кетпеді жат дүбірі,
Жаратқасын қазақты іргелі етіп.
Жер бетінде жұрт жоқта Арға сенер,
Жан да шегер азапты, мал да шегер.
Бұл қазақтың кеудесі неге қуыс –
Сығып асыл шырынын алмаса егер.
Ел басынан не қилы күндер өтіп,
Тіреп қойған жартасқа мінбелетіп.
Несібесін тұра ма қағып кетпей,
Көк аттылар жол жүрген түнделетіп.
Өзендері көрмеген тұнып ағып,
Жүрген жоқ па дұшпанның қыбы қанып.
Ғасыр қанша жеп келген –
Бұл қазақтың
Ауызынан ырзығын жұлып алып.
Қабағының астына қырау қатып,
Тіршілік те күйзелген бұрау батып.
Екі басы теңеспей таразының,
Әрі-бері қазақты тұр аунатып.
Жақсылықтың ақ шуақ желі ескенде,
Жасыл шалғын жайқалған белес-белде.
Қай жұртпен де
бұл қазақ теңеседі,
Таразының екі басы теңескенде.
 Мұратына мұқалмай жеткен ердің,
Қасиетін ұғынбай кектенер кім?
Неге ендеше қайтпасын Сіз барда, Аға,
Көрінгенге есесі кеткен елдің.





Пікір жазу