20.04.2022
  146


Автор: Рафаэль Ниязбек

АЙНАЛМАҒАН ПРЕЗИДЕНТ ПІРІНЕ ЕЛДІҢ


(монолог)
Тұрған кезде бақыт та, бақ та ағындап,
Көрген емес даламда жат дамылдап.
Туған елдің тұтқасы мен болармын
Алдаспанға айналған Ант қабылдап.
Өр боп туған ұлыңмын өр күндері,
Жанымды ұққан бұл жұрттың жөн білгені.
Екіталай күн туса ел басына
Алдаспанның жүзінен көргін мені.
 Мынау сырқат қоғамда дерт қыстаған,
Семсер өтпей тұра ма сертке ұстаған.
Елді ерлер билесе,
тал-дарақтың
Жапырағы жұлынып желге ұшпаған.
Тәңір сүйген тәуелсіз болсақ та әлі,
Жүрген жау көп сұмдығын қоздатқалы.
Президент бұл елге болған жоқпын
Бостандығын ботадай боздатқалы.
Аманатын уақыт жүктегенде,
Қайтем басты қатерге тікпегенде.
Президент болам ба,
Нар қазағым
Маңдайыма бақыт боп бітпегенде.
Күнге қарай жол тартқан Қазақстан –
Әлемге айдын асырған жас арыстан.
Болашақтың бақшасын суаруда
Бұлақ біткен құралып таза ағыстан.
Төбесіне от жаққан тірілердің,
Жолын түзік көрмеймін ірілердің.
Президент боп ешқашан жарытпайды,
Айналмаған президент піріне елдің.





Пікір жазу