20.04.2022
  272


Автор: Рафаэль Ниязбек

ОРАЛМАНДАР ЖЫРЫ

Ел ажырап қалқасы, қарағынан
Сарсылғанда таусылып табанынан.
Уақыттың атандық босқындары
Қар жауғанда қабарып қабағынан.
Қара жолдың көзінен қан атылып,
Жатты ішінен ол кезде дала тынып.
 Жұрт екен-ау қайғы-мұң кешетұғын
Қайғы-мұңнан бұл қазақ жаратылып.
Суық желдің жатқанда өтінде өліп,
Қаншық-өмір күлмеді бетін беріп.
Жат жұрттарға біз едік шашыраған
Сынықтары заманның секілденіп.
Жүректегі ғаламат жарылыстан,
Адам қанша атының жалын құшқан.
Елбасы елге шақырды
Жүрген кезде
Жапырақтай сарғайып сағыныштан.
Алдымыздан ескенде көктем лебі,
Сап тыйылған мезгілдің өктем желі.
Елге қарай өткізіп, қош айтысқан
Өскен елдің өрісті өткелдері.
Заман аттың жалында тулағанда,
Сірә, мейір қалмай ма бұл адамда...
Туған елге әйтеуір оралдық-ау,
Кедей құрған өкімет құлағанда.
Өзендері алатын таудан басын
Батыр жұрт ек сілтеген жауға алмасын.
Бұдан былай, Тәңірім, бір қазақтың
Туған жерден табанын аудармасын.





Пікір жазу