20.04.2022
192
ҚАЗАҚТЫҢ ӘЙЕЛДЕРІ
Көңілінде көрмеген бұлақ ағып,
Неге араға жүрмесін сына қағып.
Үш-төрт жігіт көргенде нән әйелді
Мазақ етіп күлген-ді тұра қалып.
Қандай зауал туса да азаптаған
Әйел еді көзінен жасы ақпаған.
– Мына әйелдің дәуін-ай! –
деп жігіттер
Көрген бойда таңырқап, мазақтаған.
Уақыттың ере алмай дүрмегіне
Жігіттердің күйіндім күлгеніне.
Миы суға айналған миғұла көп,
Мәз болатын жер басып жүргеніне.
Ызалы ұшқын көзінен шашыраған
Еркек бар ма нарықта жасымаған.
Ала тайдай ала қап арқалаған
Әйел еді отбасын асыраған.
Тірелгенде тұйыққа арыстары,
Ұрғашының жол бастар арыстаны.
Егер әйел болмаса тіршілікте
Тоқтап қалар өмірдің ағыстары.
Күнде азанда төрінен түрегеліп,
Жарқырасын оларсыз кім от өріп.
Білсең егер қазақтың әйелдері
Қазақстанды құлатпай тұр көтеріп.