20.04.2022
  116


Автор: Рафаэль Ниязбек

АҚОРДА

Қадалатын жебе жоқ мөңіреп кеп,
Қыдыр өзін жүргенде төңіректеп.
Ақорданың қашанда бағы жанған
Ішінде оның тұрғанда өмір көктеп.
Ішінде оның нұрлы өмір көктегенде,
Сайран салған сағымы көк белеңде.
Көктем лебі алдынан еспес еді,
Кезеңдерден өтпелі өтпегенде.
Алтын сәуле көзінен сырғанаған,
Ақордадан далаға нұр тараған.
Шағылысып ақ шаңқан шатырына
Зеңгір көктен ғашық боп күн қараған.
Содан, бәлкім, көзінен бақ күледі,
Қай тақымда туларын тақ біледі.
Ақ семсері қынаптан суырылса,
Қараулықтың көрпесін қақ тіледі.
Қару кезеп, жетсе егер бөгде неме,
Қарсы алмайын қасқайып өрде неге.
 Ақордасы елімнің тұрғанда асқақ
Ақыл-ойдың орманы өртене ме?
Ғасырлардың сұмдығын есіне алып,
Кеудесінде тулайды Есіл ағып.
Суығына арқаның кім тоңады
Көңілдердің тұрғанда пеші жанып.
Бойға жиған жаһанның шұғыласын,
Ақордаға қарасаң сыр ұғасың:
Батыр боп та көзіңе елестейді,
Баса киген шашақты дулығасын.
Тіршіліктің көзінен мұңды аңғарып,
Тербететін жүрегін нұрға малып, –
Ақорда аман болса егер, Отан да аман,
Дүниенің қабағын тұрған бағып.





Пікір жазу