ҒАРЫШКЕР ТАЛҒАТ ХАҚЫНДА
Өмірінің қызықтап нұрлы ағысын,
Елбасына айтпасын кім алғысын.
Астананың тұсауын кескен күні
Тойлап жатқан жұрт түгел қуанышын.
Күн нұрына көздері шағылысып,
Талғат самғап жөнелген тағы да ұшып, –
Күллі адамзат өзара ұғыса алмай
Дүние-әлем тұрғанда сабылысып.
Ел ішінде жау жоқта жат көрінген,
Қуаныштың көз жасы ақты өрінен.
Астананың жұртына адам дауысы
Естілгенде ғарыштың қақ төрінен.
Бұрын мұндай кім көрген ғаламатты,
Бақыт болып кернеген қала, бақты.
Батыр Талғат ғарыштан тіл қатқанда
Арлы Астана асқақтап бара жатты.
Киім киіп үстіне алтындаған,
Көгінде әлі самғайды жалқындаған.
Ғарышкерді кісі деп мен ұғамын
Жаратқанға бір табан жақындаған.
Жарқ-жұрқ етіп найзағай емізгелі,
Еседі ылғи алдымнан теңіз желі.
Талғат самғап келеді әлі күнге
Қазақ мұңын Құдайға жеткізгелі.