20.04.2022
  121


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖЕТІ КЕРЕМЕТТІҢ БІРІ ШЫҒАР


Айдынында көк мұзы жалтыраған
Өңір еді қабағы салбыраған.
Сарыарқаның аязы қарығанда
Жапырақтай жұрт түгел қалтыраған.
Ауа райы тұрса да мың құбылып,
Туған жерден безінсін кім суынып.
Астанада суықтың зәрі қайтып,
Күннен-күнге барады күн жылынып.
Тозған алтын жағасы жаңаланған
Барша жұрттың көзінде жанады арман.
Алматының жылуын көшкен кезде
Астанаға адамдар ала барған.
Нарық заман жаңылмай саудасынан
Құлағанда қайғы-мұң тау басынан.
Астанаға барғалы жандар қанша
Құлан таза айыққан науқасынан.
Көлдерінің көзінде нұры жанған,
Жартасында жаңғырып үні қалған.
 Астананың бораны
Қай дертті де
Кеудесінен кісінің жұлып алған.
Толқын шаймай бүйірін көк кемердің
Көсегесі көгерген көк пен жердің.
Ұлы Дала орманы тұр жайқалып,
Астанадан басталып көктемі елдің.
Алты Алаштан айдыны асқан Аға,
Көрік берген, өң берген жас қалаға.
Сұлулығы Париждің көшіп келіп,
Орнай қалған секілді Астанаға.
Содан, сірә, көзімде күн күледі,
Үкі таққан үмітім үлбіреді.
Әлемдегі жеті ұлы кереметтің
Бірі шығар Астана, кім біледі?





Пікір жазу