НҰРЛЫ ЖОЛДЫҢ ҮСТІНДЕ
Арғымақ-күн шылбырын сүйреткенде,
Кеме қанша күйреген сүйекті елде.
Жылымдарға жоғалған тағдыр аз ба,
Әрі-бері өткелден жиі өткенде.
Жоқтық келіп қазанын төңкергенде,
Төңкерілген жан аз ба бөрте дөңде.
Елбасының өзегі бірге өртенген,
Өзегі елдің өксіктен өртенгенде.
Нарық айдап тұрғасын бұлтын бері,
Кімнің өрт боп шықпасын дүркін демі.
Жұрттан қайыр кеткесін,
Айналдық қой,
Қайыршысы көп елге бұл күндері.
Көкірегі ақ жалын, өрт көрінген
Елбасының көз нұры көкке өрілген.
Қабырғалы қазағын ойлағанда,
Түн ұйқысы бұзылып төрт бөлінген.
Өзі – таққа, таққа – өзі жарасқанда,
Жанған еді жұлдыз боп жаңа аспанда.
Нұрлы жолға салған-ды көшін бастап,
Мұнар күнде жол таппай адасқанда.
Елбасына Нұр-аға сайланғанда,
Туған халқы көңілге қайғы алған ба.
Нұрлы жолмен жөнелген көшін бастап,
Намысына жанылып қайралғанда.
Ата қазақ айналар бақытты елге,
Қайыршысы жоқ елге айналғанда.
Ауыр жүгін ақ бауыр кемеге артқан,
Батыр елдің баласы жебе тартқан.
Нұрлы көші емес пе Нұр-ағаның,
Нұрлы жолдың үстінде келе жатқан.