20.04.2022
  92


Автор: Рафаэль Ниязбек

МӘРТЕБЕЛІМ, МҰҢ ШАҒАМ ЕЛ АТЫНАН


І
Дат, тақсыр! Дат, тақсыр!
Бұлбұлдың ашық үнімен,
Сөз сөйлеймін бүгін мен.
Қасірет, қайғы артсаң да,
Аш күзендей бүгілмен.
Ел атынан сөйлеймін
Маңдайы тасқа соғылып,
Табаны тасқа тілінген.
Нұр төгілсе көзімнен,
Зәр төгілген тілімнен.
Дат, тақсыр! Дат, тақсыр!
 ІІ
Тұрған шақта қабағын тұман ашпай,
Ел бүлдірген сұм қанша сына ағаштай?
Заманында хан қанша халқын қырған
Ақынына –
Арына құлақ аспай?
Туған елдің айналған жүрегіне,
Құлақ аспай тұрмаған тілегіне.
Мәртебелім,
Мұң шағам ел атынан
Ғасырлардың көз салып сілеміне.
Сұңқар – жерде,
Қарғалар биіктегі
Ел қадірін өзіңдей біледі ме?!
ІІІ
Қайысқанда қайғыдан дала белі,
Үйде тыныш жатқан ба саналы ері?
Екі дүркін хат жазған Сталинге
Ер Тұрардың бұл Талас нағашы елі.
Үйдің жақсы болмағы ағашынан,
Ердің жақсы болмағы нағашыдан.
Рысқұлдың қабірін іздесеңіз,
Сіз табасыз Таластың жағасынан.
Қарасайдың бойына күш дарыған
Ойлы Ойықтың арғымақ даласынан.
Тынбаса егер бұл қазақ нуын құртпай,
Тіршіліктің қайтеді уын жұтпай?
Ауданынан айрылып, сол кең дала
Аға, тозып барады туырлықтай.
 ІV
Жоғалғаны табылмай іздегенде,
Тоңып тірлік кешсе де түз, белеңде, –
Талас елі Туың боп желбіреуде
Шыбын жаны шырқырап Сіз дегенде.
Жасығанда жанына қайрат берген,
Талас елі өзіңді айбат көрген.
Күннен-күнге барады тозып, құрып
Отар қойдай шұбырып тайғақта өрген.
Сайда қалып сарсылған аудан қанша,
Айдалада адасып сайғаққа ерген?
Малды айтасыз,
бұл күні қайрақ та жоқ
Ер жігіттің намысын қайрап келген.
Сығаламай Бақ, Қыдыр есігінен
Адасуда жұрт түгел есі кірген.
Тоқсан жолдың орнаған торабына
Қаратауға ауданым көшірілген.
Жылап-сықтап көшкені жалған емес
Есектердің есалаң кесірінен.
Ауданымды Ақкөлге қайтаршы, Аға,
Сәби-елді айырмай бесігінен.
Арлы анадан асыл ер көптен тумай,
Ата қазақ түбіне жеткен құмай.
Қаратауға ауданым көшірілген
Жар болса да еліме көкте Құдай.
Бұрынғы Еділ – ел қайда күй бақтағы?..
Дүние-мүлкін, ырзығын жинап бәрі, –
Қаратауға ауданды көшірді ме,
Талас жұртын соғыссыз қиратқалы?!
 V
Жарық оты тұтанбай өшіп қалған,
Қаратауға ауданым көшіп барған.
Қалаға ауған Қаратау тұрғындары
Көмейіне тығылып өксікті арман.
Жасамаған жақсылық халыққа бір
Үкімет те тарығып тамұқта тұр.
Қазыналы Қаратау болса бұрын
Бұл күндері секілді Алып Қабір.
Қазыналы Қаратау тарыққалы,
Жылу бермей сорлауда халыққа әлі.
Тәуелсіз ел болсақ та, нарық қысып,
Көкемізді жүр ме еді танытқалы?
Ашыққаны елімнің бұйым емес,
Өз ауданы – армандап зарыққаны.


Желбіремей ту болып көңілі елдің,
Бейбақ қанша түкірген бетіне ердің?
Беліне елдің бар салмақ түскен жоқ па,
Ауыртпалық бір түспей беліне өрдің?
Әкімдер көп,
Азамат аз заманда
Өзің ғана сенгені жетім елдің.

Сарқылмасын жыр-әнім, бұлақ-әнім,
Ауданымды қайтаршы – сұранамын.
Бұрын-соңды мұң шағып жыр жазбасам –
Қаратаудай қайыспай – шыдағаным.
Өзіңді, Аға, пір тұтқан ел атынан –
Ауданымды қайтаршы – сұранамын.
 Көктем болып арада сыйы жүрген
Ел азбасын кезінде жиі күлген.
Көз жіберсең өзің де қайтарасың
Батыр баба Көшектің биігінен.
Сол биіктен жылы жел еспегені,
Қателікті, жан Аға, кешпегені.
Аудан қалай көш түзеп көркейеді,
Алты Алашты басқармай есті өрені?
Жігіт үшін, ер үшін бесік көрген
Намыс жаман жалғанда есікте өлген.
Қаратауға бұрын да көшіп барып,
Қайтқан қаздай қайыра көшіп келген.
Жаралса да жарқылдап күшті ағыннан,
Күн туды ма безінген құс бағынан?
Ер Қарасай қорғаған ұлы аймақты
Құтқаршы, Аға, заманның қыспағынан.
Шашылса да шуақ боп жұртқа арманың,
Әкім қанша халқыңның жұтқан қанын.
Ауданымды қайтарсаң пәрмен беріп,
Қыспағынан заманның құтқарғаның.
Өрге жүзген шағында өтіріктің,
Опа тапсын Шындықты өлтіріп кім?
Елі қалай аудансыз күн кешеді,
Айға азуын білеген Бөлтіріктің.
Көз жазғанда ажырап қаймағынан,
Қатер төнді, білмеймін, қай жағынан?
Арлы ауданым Ақкөлдің айбары еді,
Айырма, Аға, Ақкөлді айбарынан,
Ұшырам деп ойласаң Айға қыран.
1999 ж.





Пікір жазу