20.04.2022
  170


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚЫЗ ЕРЛІГІ ҚЫРҒЫНДА БІЛІНЕДІ

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы қазақ
жастарының ұлттық санасының
қаншалықты өскенін көрсетіп берді.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Жын ұясы қаптаған сұр ғаламда,
Қазақ ғұмыр кешкен-ді шырғалаңда.
Қызыл қанға қойдайын тоғытылған
Қызыл Кеңес сертінде тұрмағанда.
Арайланған ел еді атқан таңда,
Қатер бар деп өмірде сақтанған ба.
Желтоқсанда күллі жас көтерілген
Ар-намысы қазақтың тапталғанда.
Болашақтың есігін сеніп ашқан
Жастар еді ашуға кегі ұласқан.
Зұлым күшпен қан қырғын шайқасқанда
Жігіттерден қыздардың ерлігі асқан.
Өз бағасын бергенде өмір кейін,
Деген шығар: рухы боп көрінейін.
Зұлым күшпен қан қырғын шайқасқанда
Берілмеген қай қыз да бөрідейін.
 Жын қоғамда өсті ме кек тіленіп,
Ар-намысы тулаған тектіге еріп.
Арыс туар арулар қайтпаған-ды
Қарлы алаңда жатса да тепкіленіп.
Арай жүзген, нұр жүзген түр-өңінде,
Жаса, арулар!
Құлпырып түле күнде.
Жаны нәзік болғанмен бұл қыздардың
Көзсіз батыр ерлігі – Жүрегінде!
Қыз өсірген ел қалай бүлінеді,
Қысылғанда арына жүгінеді.
Нәзік гүлдей көк тасты жарып өскен
Қыз ерлігі қырғында білінеді.





Пікір жазу