20.04.2022
  127


Автор: Рафаэль Ниязбек

УАҚЫТТЫҢ ҚАТЕЛІГІ

Тулап аққан көз жасы өзенінде,
Өксік бар-тын өмірдің өзегінде.
Орыс билеп тұрғанда қайран қазақ
Өгей бала болатын өз елінде.
Ата жауын қанына жуындырған,
Қайда азамат қылыш боп суырылған?!
Қазақ деген қуырдақ емес пе еді,
Дала дейтін табада қуырылған.
Ығыстырып жұртыңды шеткеріге,
Оқ атқан көп қарлығаш, кептеріңе.
Бір сұмдықтың сездіңіз болатынын,
Колбин басшы болғанда текті еліңе.
Қазақты кім тыңдаған зарлағанда,
Не істесін есінен танбағанда.
Бір жолбарыс ішіңде жатты тулап,
Басталғанда қан қырғын қарлы алаңда.
Қылыш көп те өтпейтін өздігінен,
Мәңгүрт аз ба безінген өз тілінен.
Қабырғалы бұл қазақ ала бөтен
Жаралды ма өмірдің өксігінен.
Күмбірлеген күй болып көңіл ашқан,
Ұстаға өмір ұқсайды көрік басқан.
Бетін дауыл сапырып, өксіткенде
Теңіздер де өкіріп көбік шашқан.
Көкпар тартып, бақ қуған белес-белде,
Қазақ найза емес пе егескенде.
 Колбин тақтан ұшқан-ды қаңбақтайын,
Айдарыңнан айбынды жел ескенде.
Тасқындардың бәрінен жүзіп өтіп,
Көңіліңнен ұшырдың құс түлетіп.
Алтын таққа жайғастың біржолата,
Уақыттың қателігін Сіз түзетіп.





Пікір жазу