20.04.2022
  133


Автор: Рафаэль Ниязбек

ХАН АҚЫЛЫ

Қаруын да қолға ұстап, жараған да,
Жүзе білген тулаған сан ағында, –
Ханда қырық кісінің бар ақылы
Қырық сәуле ойнаған жанарында.
Хан ақылы тұрса асып заманынан,
Туған елдің мұң кеткен қабағынан, –
Қақ бөлініп қылышы,
Желге ұшпаған
Қырмызы гүл жұлынып сабағынан.
Хан ақылы дәуірден тұрғанда асып,
Ел де, жер де көркейген нұры алмасып.
Екіталай күн туса,
Жұрты түгел
Ту астына жиналған ұрандасып.
Күн ашықта ел қалай бүлінеді,
Ақиқатқа,
Арына жүгінеді.
Алда-жалда ханы егер қателессе,
Соңына ерген халық та сүрінеді.
Уақыт аз ба жүрекке жара салып,
Жөнеп берген жолына қара шалып.
Ойы аласа хан егер билесе елді,
Таулары елдің шөгеді аласарып.
Жұрттың қалай көбесі сөгіледі,
Көңілінде бір алау өріледі.
Қанша биік болса егер хан ақылы
Елі сонша биіктен көрінеді.





Пікір жазу