20.04.2022
264
ҚАЗАҚ-ТҮРІК
Шекесінің тамыры білемденіп,
Қоңыр тірлік өтуде күреңденіп.
Биік-биік белеске көтерілген
Қазақ түрік елімен түгенделіп.
Замананың түнерген бұлтын көріп,
Неге ағайын сұстансын сыртын беріп.
Болашаққа көрікті көш бастаған
Қазақ түрік елімен бүтінделіп.
Түрік елі қазақты танығалы,
Шалған емес қара бұлт таңын әлі.
Екі ұлы ел о баста жаралғандай
Бір-бірінің жігерін жанығалы.
Сұлулығы тамылжып гүлге біткен,
Шұғыланы қай ел де күннен күткен.
Түрік елі қазақты сыйласа егер,
Ата жұрты екенін білгендіктен.
Жанарында жарқылдап шағала арман,
Дода бұзып, топ жарып дараланған,
Ата жұрты қазақпен табысқасын
Түріктің де жағасы жаңаланған.
Айрандайын ел іші ұйығанда,
Суырмасын заманның құйыны алда.
Шаңыраққа ер қазақ ие болған
Қара қазан түрікке бұйырғанда.