Тыныштығын қорғаймын Дүниенің немесе Елбасының монологы
Дүние түгел бұл күнде қаруланған,
Аспан куә,
Куә оған ару-жалған.
Сынақтардан тауларды аспанға атқан
Жұмыр жердің үстінде бәрі уланған.
Ұшып жатқан мезгілде Айдан да әрі,
Ақыл-ойдың қайда ұлы пайғамбары?!
Адамзаттың уланып дана миы,
Ақиқаттың жолынан тайған бәрі.
Ресей кімді жарылқап асыраған,
Күні бар ма зымыран тасымаған.
Өлім сеуіп атомның сынықтары
Ұлы Дала төсіне шашыраған.
Тал бойында тулаған асыл қаны,
Адамзаттың бұл қалай ашынғаны?
Соғысқанда, ойпырмай, не түседі
Бір-бірінен айдынын асырғалы?!
Тіршіліктің бәріне бұрау салған,
Дайындайды қандай сый мынау Жалған.
Бөлшектеніп жұмыр жер кетпейін деп,
Айқұш-ұйқыш жолдармен құрсауланған.
Жарық әлем жазылмай жарасынан,
Айырылған кезең бе санасынан.
Қан тілемей тұра ма бұл өмірде
Қан шеңгелдеп туғандар анасынан.
Жүрегімнен туындап жыр ескені –
Көңілімнің төрінде гүл өскені.
Ядролық қарудан бас тартамын,
Бейбітшілік жолында күрескелі.
Еңбек сауып, жерімнен нәр алғалы
Бейбітшілік елімнің бар арманы.
Соғыс ашып бір елге көрген емес
Ата қазақ жұрт болып жаралғалы.
Тыңда ендеше, замана!
Тыңда, ағайын!
Неге күрес жолында мұңданайын.
Күн көзіне көлеңке бір түсірмей
Қарашықтай сақтаймын туған Айын.
Ұлы жолда қанаты талмайды ердің,
Самғай бергің келеді, самғай бергің.
Күнге маңдай түзесе көші егерде,
Неге жарық болмасын маңдайы елдің.
Жүргені анық жерімде бір киенің,
Содан, бәлкім, басымды Күнге иемін.
Тыныштығы үшін де арлы елімнің
Тыныштығын қорғаймын Дүниенің!