КҮЛТЕГІННІҢ КӨК ТАСЫ
Өткел қанша біз өткен,
Уақыттың қателігін кім бар елде түзеткен.
Ел қорымай мал қорыған қазақты
Қораларын аш қасқырлар күзеткен.
Жүрегімнің желкілдемей тұлымы,
Жусанымның жұлынғанда жұлыны, –
Құрсағында шыңғырған
Құлагердің құлыны.
Жыртылғаны жағамның –
Бақыр құрлы болмағаны бағамның.
Шылбырына айналғам
Атқа мінген жаманның.
Өз төріме шыға алмадым жасқанып,
Төмендігінен санамның.
Жолбарысым тулап жатты кеудемде
Толғанысын тыңдағанда ғаламның.
Алатауым асқақтап,
Рухы биік көтерілген Даламның, –
Суырылған қылыштай
жарқ ете қалған кезіңде
Құрсағынан Заманның!
Көңіліңде жайқалып тұр орманың,
Сері сенім – қорғаның.
Жалған емес мына өтпелі кезеңде
Елге тұтқа болғаның.
Жанарыңда сексеуіл шоқ жанғанда,
Қателікке жол бермедің жалғанда.
Сіз емес пе қайта жапқан қақпағын
Бұл қазақтың қазаны ашық қалғанда.
Жүрген қорқау пішінде,
Қараулық әлі күшінде.
Жүрегімді – көз ілсем –
Жылан сорып жатады ылғи түсімде.
Сізді сатқан сұм қанша
Президент болғандығың үшін де.
Жылқы аласы сыртында,
Адам аласы ішінде.
Көңілімнің жұлдыз жанып көгінде,
Аққу жүзген көлінде.
Елге біткен қасиетпен қашанда
Сіз жүресіз жүрегімнің төрінде.
Түсімде ылғи жүрем Сізбен сырласып,
Созған қолым жетпеген соң өңімде.
Ғасырлардың қойнауында жоғалған,
Күлтегін – рух елге қайта оралған.
Қабырғалы қажырлы елге жеткердің
Қазағыңды қазынасы тоналған.
Жұртыңды ерен қуатты елге теңейсің,
Сүрінгенде қолтығынан демейсің.
Күлтегіннің елге оралған көк тасын –
Ата Рухтың оралғаны дегейсің.