20.04.2022
  97


Автор: Рафаэль Ниязбек

АНТ

Жүрегімнің сәулесі баққа ағындап,
Мінсем егер жасымда атқа арындап.
Таққа мінер алдында тұрмын, міне,
Салтанатты жиында Ант қабылдап.
Көңілімнің тізгінін ала қашып,
Арнам тасып барады далаға асып.
Қазақстан – достықтың ұлы Отаны
Жүз отыз ұлт күн кешкен араласып.
Жұмыр білек секілді тұтас болсақ
Жау жағадан ала ма жағаласып.
Дұрыс ұқса даламның көрнекті елі,
Өмірімнің әлі де көп өткелі.
Президент болғаным жалған емес
Көсегесін жұртымның көгерткелі.
Азаттықтың ағашы көгергелі,
Парызымның аз емес өтелгені.
Ел басына келдім мен
Қаратаудай
Қайғысын да қайыспай көтергелі.
 Бір-біріне жын бүркіп, көбік шашып,
Ел мен елдің жүргенде көбі ұстасып,
Құрақтардың нәр берем тамырына,
Бұлақтардың бітелген көзін ашып.
Сертке ұстаған семсердей сермелгенде,
Мұнараға айналам белең-белде.
Толқындарды жарыққа шығарамын
Тулап жатқан тұңғиық тереңдерде.
Бойын аулақ сала алмай пенделіктен
Қарап қалған ер қанша жерге тіптен.
Туған елді ту етіп тік көтеріп,
Қасиетпен өтемін елге біткен.
Мұң кешеді ендеше елім қалай,
Құйылса егер сауылдап жеріме арай.
Қорытылғам Домнаның пештерінде
Сынағанда сұсты өмір мені талай.
Көңілімнің тартылып күйі күнде,
Естіледі саңқылдап жиі үнім де.
Алатаудың басына шыққан жандай
Түрегеліп нық тұрмын биігімде.
Қалт жібермей дауылын, құйынын да
Дүние тұр өмірдің тұйығында.
Ғасырлардың салмағы – жүрегімде,
Туған елдің салмағы – иығымда.





Пікір жазу