ӨЗІҢ ҒАНА ХАЛҚЫҢНЫҢ ТАҢДАҒАНЫ
Жұлдыз шашып тұрғанмен биік аспан,
Елің арық тоқтыдай күйі қашқан.
Мәртебелім, топқа түс!
Бұл күндері
Тұлға бар ма өзіңнен иығы асқан.
Ар-намысы қанында бұлқынбаған,
Мәңгүрт қанша бақ қуып қутыңдаған.
Халық нанын бәрі де жеп үйренген
Сізден өзге елді ойлап кім тулаған.
Ел қамын жеп күйзелген Едігедей
Асыл ана неліктен ұл тумаған?!
Биік таудың басына шыға ала ма,
Биігіне өзінің ұмтылмаған.
Ат қадірін біледі атқа мінген,
Тақ қадірін біледі таққа мінген.
Мәртебелім, жарқылдап жарысқа түс
Сарбаздайын сайланып сапқа кірген.
Тәңірінің алдында кішірмеген
Азаматсыз беделін түсірмеген.
Заманалар тудырған ұлыны да
Қоғам қанша кезінде түсінбеген.
Бағынбайтын тәртіпке, заңға тіптен
Сұмдық қанша, сұм қанша алда күткен?!
Халық үшін же десе,
Жаннан безіп,
Жантақты да жер едің жарға біткен.
Көк бөріден таулардың барысы ұнап,
Күйзелсең де кей-кейде жалғызсырап, –
Мәртебелім,
өзіңнің бағыңды емес,
Сайлауға түс халқыңның бағын сынап.
Ізгі тілек, үндеуін жолдағаны –
Аға, Сізді халқыңның қолдағаны!
Өзге біреу дәл қазір сайланса егер,
Онда еліңнен бақ тайып сорлағаны.
Жарық жалған тірлікте жалдамалы,
Өзің ғана халқыңның таңдағаны.
Сайлансаңыз егерде Президент боп,
Елің биік тұрғандай самғағалы.
Елдің ішіп жатқанда нарық қанын,
Азамат жоқ ойлаған халық қамын.
Сайлауға, Аға, түскенің
Тағыңды емес,
Халқыңды ойлап, Арды ойлап жаныққаның!