20.04.2022
  232


Автор: Тәкен Әлімқұлов

Түз бұлағы

Сен мұңлысың басыңнан ел кеткенге,
Мен мұңлымын жырымды кемдеткенге.
Өжет ұлға тағдырдың тосқауылы –
Қайда жүрсем мен душар сеңді өткелге.
Саумалыңды төгуші ең бүлкіл қағып,
Сілкінуші ед көгінде, шіркін, халық!
Құдашадай көк орай – сар кемпір боп,
Жатыр енді көз жасын іркіп алып.
Табиғаттың сырына ашына мен –
Кексе тартып оралдым басыңа мен.
Шікәмданғыш серідей мінезім жат,
Той болмаса, қызықпан асыңа мен.
Өзім құрлы – дәуреннің төлі қайда?
Көп құрбыңның думанды көлі қайда?
Күн ұзаққа күйімді күмпілдетіп,
Ақ жем болған саусақтың сөлі қайда?!
Сен мұңлысың басыңнан ел кеткенге,
Ән орнына баурайың желдеткенге;
Ескерткішке сыбызғы алдым ойып,
Әнші қамыс, көңілімді тебіренткенге!





Пікір жазу