19.04.2022
  197


Автор: Рафаэль Ниязбек

ТОЗЫҒЫ ЖЕТКЕН ТОБЫЛҒЫ ЕЛ


Жақсы болса заманың,
Басқа шықпаса жаманың,
Ата жолын қуған ұл көрдің бе?
Ана жолын қуған қыз көрдің бе?
Жетпіс жылдан асқанда азғаныңды
Жаңа біліп,
ес жиып үлгердің бе?
Тозығы жеткен тобылғы ел!
Азбаған да нең қалды, тозбағаң да,
Діннен безіп,
жат болды өз балаң да.
Сенен басқа жұрт бар ма,
Жапа шегіп,
Боз інген боп боздаған боз даламда.
Келген ел ек малымен жанын бағып,
Қырып салды шыбындай малын алып.
Орта жолдан оны да бұра қойды
Бұлақ болса жөнелген бағына ағып.
Бәрін алды асылын, алтынын да,
Жарқ-жұрқ еткен көзінде жарқылын да.
Болат қанжар қадалып тұрғандай бір
Содан әлі қазақтың алқымында.
 Көрдің талай аштықта қырылғанын,
Кеудесінен суырып шыбын жанын, –
Құжынаған арадай қаптап келіп,
Кім сормады қақтап бір шырын қанын.
Қозыдайын көгеннен ағытылған,
Қашан,
қашан босадық қамытынан.
Егеменді елсің деп,
сәл бұлқынсақ,
Шығарады қайтадан табытынан.
Босатпайды,
қай өрттен қалсақ та аман,
Елміз, сірә, қалтылдап жан сақтаған.
Қай сөзіне сенесің
Заманда бұл
Сөз бен істің арасы алшақтаған.





Пікір жазу