Поэмалар ✍️
АСПАНЫНДА ТАРАЗДЫҢ ЖҮЗГЕН АРАЙ
Серік Әбікенұлы Үмбетовке
1
Аспанында Тараздың жүзген арай,
Айналады сұрланған күзге қалай.
Көңілімнің өксіген шерлі өзені
Тулап ағып жол тартты сізге қарай.
Аспанында Тараздың жүзген арай,
Жыр арнамай тұрамын сізге қалай.
Елдің сары уайымы емес шығар,
Жапырақтар сарғайса күзге қарай.
Кеңістіктен көрінген келешегі,
Неге өртенсін күйіктен ел өзегі.
Сіз туғанда сүйінші сұрап еді,
Жетісудың жүгірген жеті өзені.
Сұмның бәрі қағынған жөргегінде,
Ел басына бұлт болып төнген күнде.
Сенің нұрлы өмірің жатты өріліп,
Әжелердің тоқылған өрмегінде.
Сардаланың алдынан самалы есіп,
Қазақ қайда бармаған дара көшіп.
Алатаудай азамат болсам дедің,
Алатаудың шыңына қарап өсіп.
Тілегіңе тіленбей жеткеніңде,
Бой түзеген бір терек текті еліңде.
Мүмкін сенің көзіңнің нұры шығар
Диқандардың жарқ еткен кетпенінде.
Құлақ аспай қулардың жел сөзіне,
Ерте түстің жарқылдап ел көзіне.
Көргенді елдің көңілі сүйсе сені,
Ұлы Тараз тартпасын неге өзіне?!
2
Ту көтеріп Таразға сіз барғалы,
Ізгіліктің гүлдеген ізгі арманы.
Нарқын білер өзіңдей әкім барда,
Кімге дәрі нарықтың сызданғаны.
Жалпағынан жалғанды басып өтіп,
Күзі қалған өмірдің, жазы кетіп.
Сіз бардыңыз әкім боп
Қара жерге
Қасиетін қаққанда қазық етіп.
Сынақтардың сынығын терең көміп,
Жазыла ма дертінен жер емделіп.
Сіз бардыңыз әкім боп
Жілігі елдің
Құдықтарға жатқанда шегеленіп.
Серік мырза!
Бірі едің жетелі ердің,
Өзендерді шөлдерге жетеледің.
Әкім болып барғаның жалған емес
Көз жасына толғанда етегі елдің.
Көк аттылар ұсынған сыйға алданбай,
Қазынасы қайда елдің жиған талмай?
Сіз бардыңыз мешіттің иманында
Бара жатқан мезгілде иман қалмай.
Қара қарға аспанда қаптағалы,
Еленбеді еңбектің ақ табаны.
Мүмкін барған шығарсыз әкім болып,
Абыройын арлы елдің сақтағалы.
Зауал туып кеудесін жанышқанда,
Құзғындарға жем болған арыстан да.
Жалған емес жеткенің бақыт болып,
Баянды елдің басынан бақ ұшқанда.
3
Жүргендерден қамын жеп қара бастың,
Сірә, суы шипалы Сарыағаштың.
Әкім болса, шіркін-ай, арман бар ма,
Ары бола білгендер алты Алаштың.
Көсегесі онда елдің көгереді,
Жалғанды да атандай шөгереді.
Қасиеті қазақтың бола білген
Қайғысын да қайыспай көтереді.
Көңілінің көк туын шашақтамай,
Кешкен жұрт ед кезінде азап талай.
Рухы жоқтар жүрсе егер ел басқарып,
Айналады рухты елге қазақ қалай?!
Шерлі күйін елінің шерте білген,
Ақбоз атқа алаулап ерте мінген
Серік мырза!
Самғайды көкте қашан
Ақ сұңқар құс жем теріп жерде жүрген?!
Ойда жоқта тап келіп бір өткелге,
Жүрміз әлі мәз болып тірі өткенге.
Жолбарыстар басқармай,
Ата қазақ
Айналмайды ешқашан жүректі елге.
Қара тобыр жабылса жайдарлы ерге,
Көтерілсін жүк артып қайдан белге.
Арыстандар басқармай,
Ата қазақ
Айналмайды ешқашан айбарлы елге.
Ала тайдай ел іші бүлінгенде,
Қайда барып көктеймін түңілгенде.
Бауыржанға айналғым кеп кетеді,
Бауыржанның жоқтығы білінгенде.
4
Басымда ой жетіліп піспегенде,
Өлең аулап жүремін түз-белеңде.
Сізге барып мұң шаққым келеді ылғи
Сырласатын ізгі адам іздегенде.
Тұла бойың сомдалып ізгіліктен,
Кезің бе бұл жемісті күзге іліккен.
Топ-тобымен ұшады сізге қарай
Әлдеқайдан дүрлігіп құс үріккен.
Серік мырза!
Жылы еді жүзің неткен,
Ақ кемесің мұхиттан жүзіп өткен.
Кімге тісің батады,
Семсер болсаң
Тастарға ылғи шабылып жүзі кеткен.
Жағалауда жайқалған құрақтайын,
Көңіліңде тұр өсіп бір ақ қайың.
Ақынына әкімін іздеткен жұрт
Мүмкін емес тозбауы тулақтайын.
Тылсымдарға жол тауып тілдесе бер,
Сен болмасаң мына жұрт кімге сенер.
Елдің өспей қалуы мүмкін емес,
Арлы ақынын әкімі іздесе егер.
Көзі жанған жарқырап шырақтайын,
Сізден қалай алыстап жырақтайын.
Шешілмеген түйін көп бұл ғаламда
Табылмаған жауабы сұрақтайын...
Жібек самал алдымнан күнде еседі,
Бірақ қашан көзімнен мұң көшеді?
Шырмауықтай шатысып шиеленген
Түйінімді түңілмей кім шешеді?!
Мергені көп мезгілде жебе тартқан,
Ауыртпалық қаншама денеге артқан.
Періштеге ұқсатам кейде сені
Жібек жолдың үстімен келе жатқан.
5
Көзіңізден тұрғанда Бақ көрініп,
Неге жатам қылыштай қақ бөлініп.
Көңілімнің өзені өрге тартқан,
Сізге қарай өлең боп ақты өріліп.
Аспанында Тараздың жүзген арай,
Тырналарын көгіне тізген қалай?
Көңілімнің көштері
Алғысымды
Тиеп алып жөнелген сізге қарай.
Сіз барғалы күш жиып даласынан,
Ұлы Тараз елінің бағы ашылған.
Қайта-қайта қараймын түнгі аспанға,
Жұлдыздардың сені іздеп арасынан.
Бау-бағынан кім-кімде жеміс күткен,
Елге бірақ бақ бар ма тегіс біткен.
Жұрттың бәрі кеңсеңнен таба алмаған
Табады ылғи сені іздеп кеңістіктен.
Есіл күннің ескенде жібек желі,
Аймалайтын сияқты кілең мені.
Бір серпіліп қалатын
Боз даланың
Күлдір-күлдір кісінеп күрең белі.
Дүлей бастық көбейіп сөз білмеген,
Сөз білетін кісіні өсірмеген.
Қанша ұйықтап жатсаң да,
Сардар ерсің
Күндіз-түні намысы көз ілмеген.
Нарық қысып, көкжиек сөгілді ептеп,
Шықтық бірақ ойқастап көңілді ерттеп.
Сіз барғалы Таразға тұр жайқалып,
Тіршіліктің көзінен Өмір көктеп.
6
Нар халықтан менде өзге жақын бар ма,
Ендеше осал болуға хақым бар ма?
Қап тауының батыры, ері атанған
Менен басқа жаһанда ақын бар ма?
Асқақ рухпен жебесе жарқын бабам,
Неге әліптің әлек боп артын бағам.
Арын қорғап Қап тауы қан кешкенде,
Суырылып қынаптан жарқылдағам.
Жайшылықта жұпарға айналатын,
Қайшылықта қылыш боп қайралатын,
Ақындары Алаштың бұғынғанда,
Қанды суға малынып Қайғы ағатын.
Қайдан қақсын қанатын қайран арман,
Ақын да азып, тарыдай майдаланған.
Ін түбіне тығылмай суырдайын,
Семсер болып сілтенсе қайда қалған?!
Тектілердің бірімін тегін білген,
Қилы шақта тас түйін бекіндім мен.
Жазған жырым қылыштан өткір болып,
Зұлымдықтың қан қатқан бетін тілген.
Шыбын жаным қай кезде жай табады,
Дөңгелегі дүлейдің айналады.
Жын қоғамның жүргесін бір жағында,
Парламентке сайқал да сайланады.
Барлық жолды бекітіп тастаса егер,
Өмірімнің өзені қайда ағады?!
Өтіріктің өгізі сүйкенгенде,
Шаңырағы Шындықтың шайқалады.
Ата жұртын өлеңмен мүсіндеген,
Неге ақынның ұшады құсы төмен?
Елдер ғана езілген езге айналып,
Ер халықтың жүрегін түсінбеген.
Қоңыр шашым – антенна дыбыс ұстап,
Келем әлі көзімнен нұр ұшқындап.
Бабалардың өр Рухы қанға сіңген
Тамырымды қуалап жүр тыныстап.
Сәулеге өзін сүйгізіп аймалатқан,
Зауал туса зар илеп Ай да батқан.
Уақыттың қылмысын бетіне айтқан
Ақындардың қадірі қайдан артқан?!
7
Қайран қазақ Нарықпен алысқалы,
Ұшқан емес жебесі алысқа әлі.
Тышқан аулап кетті ме, кім біледі,
Азаттықтың ақырған арыстаны?
Құнарлы жер жат жұртқа сатылғалы,
Ар-намыстың бар ма оғы атылғаны.
Шақырусыз ақындар қалған жоқ па,
Тәуелсіздіктің тауығы шақырғалы.
Тіршілікте сынаптай сырғанаған,
Өліп жатсаң көшеде кім қараған.
Өзегімді өртеген өксік қанша,
Көкірегімді мысық боп тырмалаған.
Сіздер жақтан ақ сәуле шуақ есіп,
Көңілімнің жайқалған шынары өсіп.
Жырдан шырақ жағады еліне ылғи,
Сорласа да ақындар шырағы өшіп.
Қайығында тербелген Қайғының да,
Балалығым қалды елдің қай қырында?
Сіздер барда ақынын сыйлай білер,
Кемем неге жүзбесін айдынында.
Батырбектей бар кезде азаматым,
Өрге шаппай тұра ма қазанатым.
Қара құйын құтырып суырса да,
Өзен бар ма сіздердей таза ағатын.
Сіздер барда бәйге алып арғымағым,
Биіктеген мәртебем, шаңырағым.
Серік мырза!
Көктем боп сіз жүргесін
Көрген емес сарғайып жапырағым.
Куә болсын, болмасын құмай-жалған,
Азамат ер жоқ әлі туға айналған.
Арыс туар Алаштың арулары,
Тұрмыс құрмай тұралап тумай қалған.
Кінә артпайтын шығарсыз, Дарабозым,
Сөзімді айттым аузыма Құдай салған!
8
Бала мені, балама төзімді ерге,
Қалай төзем ұшса егер сөзім желге.
Өмірімнің көбісі өте шыққан
Түсіндіріп жүргенде өзімді елге.
Аспан асты, жер үстін көп барлаған,
Мені мылтық көре ме оқталмаған.
Қиын шығар ақынды ақын деу де
Алау жұтып, көздері шоқтанбаған.
Алтын сандық кеудемді күмбез көрген,
Жерлес қанша құбылып күнде өзгерген.
Мені бөліп елімнен маңыратпақ
Енесінен қозыдай күзде бөлген.
Тыныш шығар қой баққан қауғаны алып,
Мұқалғанда мұң шағам тауға барып.
Ешкібастар жайында жыр жазам деп,
Басым талай дал болған дауда қалып.
Күйін кешіп жаралы көк бөрінің,
Алыс-жұлыс тірлікпен өтті өмірім.
Сіздер жақтан ескелі көктем лебі,
Сырқаттанып жүрсем де тоқ көңілім.
Елге тұтқа бола алмай тұлғалы өсіп,
Қырсық шалған жан аз ба құмға көшіп.
Жұртың түгел саяңда тыныстай ма,
Көңіліңнің көктемі тұрмаса есіп.
Кетпесе егер біреулер жазым етіп,
Көз жұматын шығармын жасым жетіп.
Қасына ертпей қатынын бұрын хандар
Ақындарын жүретін қасына ертіп.
Жар жағалап қалмай ма жарға қашқан,
Жаға жыртпай тұра ма жағаласқан.
Арқардайын кеудесін шалқақ ұстап,
Талант аз ба Таразда тарлан ашқан.
Сізден бұрын мені елім түсінгенде,
Құлар ма еді күмбезім күрсінгенде.
Белден қалған жолбарыс сияқтанғам,
Беделіме зіл салмақ түсіргенде.
Жатқа кетіп боталар боздағанда,
Жұпар атқан гүлдерім солды алаңда.
Неге ақырған есектер жүр жайылып,
Арғымақтар туатын боз даламда.
Көлеңкесін түсіріп ажарыма,
Кімдер күйе жағады таза Арыма.
«Шындық! Шындық!» – деп әсте шырылдаймын,
Көрінсе де бұл шындық ажалыма.
Азамат ер жаралған Ар-намыстан –
Шыға келген жолбарыс нар қамыстан.
Жылап аққан жылғаның бірі емеспін,
Елім мені іздесін басқа ағыстан!
9
Азаттықтың арайлы жаңа таңында,
Тағдырыңның жазуы алақаныңда.
Түн ұйқыңды төрт бөліп ойлайсың елді,
Сайран салар кезіңде қала бағында.
Әкімдері күн кешкен сауықханада,
Отбасы аз ба тұратын тауық қорада.
Қайран қазақ құр босқа жүргендей әлі,
Екі етегі далақтап шауып далада.
Қажытатын шулы әні шауып санаңа,
Өмір деген даңғаза сауықхана ма?
Күнге қарай жол тартқан көрікті көшің
Көктің нұры тұрғанда жауып далаңа.
Ізгіліктің іздері сайрап жатқанда,
Сауық құрған жұрт қанша сайран бақтарда.
Қарсы ақырып алдынан шығар ең тағы
Жырынды жау – Жоқшылық қайта шапқанда.
Күнкөрістің ышқынып арбасын тартқан,
Туған елдің сыпа көп қалтасын қаққан.
Бұлақтардай бұлқынып өзенге құйған
Сіз атқарған ірі істер жалғасын тапқан.
Тіршіліктің арнасы ағысқа көшіп,
Жылдан-жылға келеді табыс та өсіп.
Көшеде өскен талдарды тербете бермей,
Жібек жел де желпінген алысқа есіп.
Бұйра бұлтты маңынан сабыла қуған,
Қызыл арай аспанның қаны ма тұнған?
Әттең, сіздей азамат аз боп тұр-ау,
Жаралы елдің жарқырап бағына туған.
10
Жақсының жалғыз көзімін,
Көз жұмған қырғын майданда.
Сауыт қып киген төзімін
Шығады жарып қайдан да.
Бой бермей ұзақ шыдармын,
Төнсе де зауал қуарған.
Асылдан қалған шынармын,
Көз жасым ағып суарған.
Бұралаң жолды көп кешіп,
Бұралқыларға кетті есем.
Кімдерді жеңем кектесіп,
Мұратқа ерте жетпесем.
Арманым қанша жоғалған,
Желкеме қырсық мінгенде.
Бауырым болсаң жоқ арман,
Бауырым іріп жүргенде.
Алаштың арлы ардағы,
Сәуледен нәзік жіп өрген.
Ғасырдың ауыр салмағы
Бауырымды езіп жіберген.
Тулаған толқып ел – теңіз,
Шабағын да жаттан қорғаған.
Бауыры жоқтың...
Сенсеңіз,
Бауыры бүтін болмаған.
Арыстар туған елімде,
Достарым қанша қаламдас.
Бауыры жоқтар, тегінде,
Бауырын жазып шаба алмас.
Мұқалсын неге мұратым,
Жанымды жұрт көп ұғатын.
Ақынға керек бір әкім,
Әкімге керек бір ақын.
Күн туса, шіркін, жалғанда,
Сұқ көздер іштен тынатын.
Ақыны елге барғанда,
Әкімі алдан шығатын.
11
Көз жетпеген жерлерге сана жетіп,
Өркен жайдық қай жұрттан дара кетіп.
Өз заңымен ағады өмір-өзен,
Өзге заңның бәрін де талақ етіп.
Қоғам заңнан тұрмайды қатып қалған,
Азат болған жоқ шығар халықта арман.
Жыр-Жамбылдың еліне әкім етіп,
Сізді өмірдің ағысы алып барған.
Ұлы Тараз баянды бағың шығар,
Жансаң да отқа жұртты ойлап жаның шыдар.
Бір күндері тауға өзің айналарсың
Бөктерінде жайқалған қалың шынар.
Жұрт ішінде жоқ емес бақталасың,
Сізге қарай сілтеген қанды ағашын.
Қаратаудың қуатын бойға жиған –
Алатауың алдаспан алты Алашың!
Ақ-қараны айырып саралаған,
Ер еңбегін ел жақсы бағалаған.
Әкім – өзен болса егер аққан тулап,
Сол өзенді айып па жағалаған.
Жаным қалай жай тапсын көрге түспей,
Сырт көздерге сыр шашпай өртенді іштей.
Сіз бен біздер танысып үлгергенше,
Өмір өте шықпасын көрген түстей.
Сұстанғанда сұрланып күз түнеріп,
Күшік болар жайым жоқ күштіге еріп.
Тараз жаққа қараймын мойын созып,
Қалам ба деп көшеден сізді көріп.
Көзімнен от шашырап төгілгенде,
Жарқ-жұрқ етер бір жасын көгімнен де.
Көрінбеуің сенің де мүмкін емес,
Алатауға Қаратау көрінгенде.
12
Қабағына сұп-суық қырау қатып,
Нарық заман ел-жұртқа тұр-ау батып.
Өмір кейде секілді жаман тұғыр
Ойда жоқта кететін құмға аунатып.
Құбырлардан су ақпай мұз қатқанда,
Сізден өзге жүректі сыздатқан ба.
Ұзақ-ұзақ аспанға қарайтынсың,
Тырналарын қоңыр күз ұзатқанда.
Маңайыңда жүрген көп күні үшін де,
Жөнге салдың қасқырын, түлкісін де.
Құс төсектен безініп,
Сіз емес пе,
Аралайтын қаланы түн ішінде.
Ұшырғанда түлетіп құсыңды елде,
Нұр төгіліп тұратын жүзіңнен де.
Жалғанғаның тамыр боп жалған емес,
Тіршіліктің тамыры үзілгенде.
Жігіт болып жетілген жігерлі елде,
Түлкі-өмірді көп қуған күрең белде.
Шелін түгел сыпырып лақтырғансың,
Тіршіліктің көздері бітелгенде.
Бізге жеткен мұра аз ба көп сақталып,
Есептесең егерде шотқа салып.
Жүрегіне айналдың
Сорлағанда
Зауыттардың жүрегі тоқтап қалып.
Ақтағаның үмітін арлы Ананың –
Дүниенің жыртығын жамағаның.
Амангелді құмынан байтақ елге
Жалған емес от болып тарағаның.
Тұрмысының жылғасы жылап аққан,
Маскүнем жоқ көшеде сұлап жатқан.
Мұнараның басына шығардың-ау,
Мұңлықты да қайғы езіп, мұңға батқан.
Бөріктіні жүргенде ерге балап,
Жандар аз ба омалған жерге қарап.
Қала жұртын тоңдырмай жылытқан-ды,
Тал бойының қызуы елге тарап.
Тұғырына тұлғалар тұрақталған,
Ұлы Тараз көнеден сыр ақтарған.
Қала шамы сөнгенде
Әрбір үйге
Ұшқынынан көзіңнің шырақ жанған.
Талайларды аздырған тұралатып,
Арақ сатып күн кешкен, сыра сатып.
Тараз қала бүтіндей жаңғырған-ды,
Гүлдері өсіп жайнаған жұпар атып.
Жел тербеген бау-бағы бұлбұлға ұнап,
Түнермеген көгінен күн тұнжырап.
Ақбоз үйлер тігілген көшесінен
Қымыз, шұбат... иісі тұр бұрқырап.
Өндірісі өкіріп өркендеген
Сен де өлеңсің,
Өрісті өлкең де өлең.
Көңіліңнің сәулесі шығар, бәлкім,
Ұлы Тараз қаласын көркемдеген.
13
Бақанастың талдарын жел тербеген,
Серік, сені еңселі ел тербеген.
Жасырынған қылыштар қынабына
Екіталай күнде де сермелмеген.
Қамын жемей қарақан қара бастың,
Жалғандықпен жарқылдап жағаластың.
Серік мырза!
Ауданға қаптап келген
Халқы неткен нұрлы еді Бақанастың!
Ұятсыздан ұялып текті өледі,
Неге ызғарлы марқұмға кектенеді?
Ашыларда Ескерткіш Астанадан
Зілді бұйрық зіркілдеп жеткен еді.
Сенің батыр жүрегің жасқана ма,
Сым ұшымен жалғастың Астанаға.
Қонаевқа Ескерткіш ашылғаны
Соншалықты, ойпырмай, масқара ма?!
Кілең мәңгүрт сиырдай сый білмеген,
Жұрт алдында кімдерді күйдірмеген.
Ақ жағалы арысқа заман бар ма,
Ит тірліктің арпылдап иті үрмеген.
Шыңнан құлап шыңғырған шынар талап,
Сейілмеген кез еді тұман тарап.
Ауыртпалықты көтермей елге түскен
Жүрген жоқ па кей басшы күнә арқалап.
Құлақ аспай халықтың тілегіне,
Жұлымыр көп оқ атқан жүрегіне.
Іштерінде ит өлген кілең дүмше
Жалғандығын Жалғанның біледі ме?!
Қысастыққа өрт жаның төзбегесін,
Зуылдаттың ысқыртып сөз жебесін.
Ескерткішті ашпаңдар деп бұйырса,
Батырғаны тереңге өз кемесін.
Дүлейлердің өспесе санасы аздап,
Өшіреді жансаң да жаңа маздап.
Қонаевтың сом тұлға Ескерткіші
Ашылған-ды
ашылмай қала жаздап.
Қара дауыл тұрғызған дүрбелеңде,
Дау жеңіспен қайтер ек бітпегенде.
Ашылғанда Димаштың Ескерткіші
Толқып тұрған теңіздей жұрт белеңде.
Сізден сондай бір ерлік халқың күткен,
Сізден сондай бір ерлік күтті Емен де.
Атқа мінген азамат не істейді,
Туған елдің көз жасын сүртпегенде.
Шығарса да Шындықты шың басына,
Заман кімнің айналған сырласына.
Тұлғасы ылғи Димаштың елестейді,
Алатаудың көз салсам тұлғасына.
14
Өмірі өрік секілді өрікті елдің,
Көсесі де көрікті көрікті елдің.
Қызыл Кеңес жасайды ұзақ қалай,
Орнаса егер үстіне өліктердің.
Қарағайы қайғы ішіп жатқан сұлап,
Қызыл Кеңес көз жұмған «тақтан» құлап.
Елге Еркіндік өзі іздеп келген еді,
Тамырында асау қан аққан тулап.
Бостандықтың бұлағы бұрылғалы,
Шуақты елдің шұғыла жуынғаны.
Империяның жұлынған басы шығар
Тұғырынан Лениннің жұлынғаны.
Күн сүрінген кезеңде, Ай сүрінген,
Ботасы өліп, боздаған қайғылы інген.
Қан жүгірсе еліңнің тамырына,
Жілігіне жылтырап май жүгірген.
Тасығандар жетпеген кемеріне,
Келгендердің бірісің кемеліне.
Арлы азамат өзіңдей бар болса егер,
Оралмасын өлгендер неге еліне?!
Қилы кезде қамалға қақпа болған,
Қаһармандар қашанда баққа қорған.
Қабірінен ақырып атып шығып,
Ер Бәйдібек қайыра атқа қонған.
...Серік мырза!
Өрт жаның тылсым сенің,
Көңілдерге қалайсың нұр сіңгенін.
Мінгізгенің атына Ұлылықты,
Бабаңды атқа қайыра мінгізгенің!
15
Тұғырында дамылдап тыныстаған,
Қыран болып көгіне кім ұшпаған.
Есті елдің де Емені сіздей шығар
Барлық жерде еңсесін тік ұстаған.
Жатпайын деп жер құшып бір белеңде,
Семсерге де айналдың сілтегенде.
Кімнің енді қадірін біледі, айтшы,
Қадіріңді сенің жұрт білмегенде?
Болашаққа үмітін жалғап тұрып,
Заман кімге кетпеген шаң қаптырып.
Екі мың жыл толғанда бұл Таразға,
Той жасадың аламан ат шаптырып.
Қилы шақта жүрген көп түкке сенбей,
Көктем туып, саудасы біткен сеңдей.
Шет елден де ағылған қонақтарды
Азамат ер жоқ шығар күткен сендей.
Аты шауып тұрғанда ой, қыр асып,
Қазақ бұрын күн кешкен сойылдасып.
Еңселі елге айналған есті шақта
Есігіңді кім кірсін жойқын ашып.
Тарқамаған сияқты сол той әлі,
Сауық-сайран торқалы тойға ұласып.
Сақал шығар балаға жат болатын,
Жылқы ішінде жүрген тай ат болатын.
Байрақты ерлер басқарса көп кешікпей,
Байрақты елдің басына бақ қонатын.
Көз суарып көркіне белең-белдің,
Боз далаңа шуақтан желкен кердің.
Азаматтың қашанда жолы болған
Жолын қуған Димаштай кемеңгердің!
16
Айдалада тоңса да жалғыз қалып,
Көктем шыға гүлдеген қауыз жарып,
Қазақ қалай азапты бұйым көрсін,
Жетілсе егер азаппен ауызданып.
Көз шырымын алса да қайда түнеп,
Түрегелген түнермей қайта түлеп.
Ата қазақ болмасын неге азулы,
Сөйлесе егер азуын Айға білеп.
Арғымағы таңасқан қаңтарылып,
Абыздарға сыр шерткен ақтарылып,
Қазақ ұрпақ өсіріп өркен жайған,
Мұз төсеніп жатса да, қар жамылып.
* * *
Жер астының төзе алмай тірлігіне,
Қабатында жұлқынып бұлқынды не?
Ауыр күнә арқалап жүргендерді,
Ауырсынып жұмыр жер сілкінді ме?!
Көктемдердің нұрымен қыр түледі,
Неге ендеше ағыстар іркіледі?
Сілкінгені бұл жердің есіне елдің
Салғаны ма Құдайды, кім біледі?!
* * *
Майдан жүріп жатқанда бұл ғаламда,
Қайтеді ерлер сертінде тұрмағанда.
Құс төсектен сілкініп атып тұрдың,
Құлан аудан сілкініп тулағанда.
Бір қасірет көзіне көрінгенде,
Өзгереді құбылып өмір демде.
Мүйізіне жармастың
Құлан өлке
Ала өгіздей өкіріп мөңкігенде.
Сілкінгенде нулы өңір...
Тау сақталып,
Сан мың үйлер құлаған қаусап қалып.
Елмен бірге аспанның жылағаны –
Қара нөсер көз жасын жауса ақтарып.
Бұлшық еті секілді құба белдің,
Бұлт-бұлт ойнап, ойқастап шыға келдің.
Қай кезде де өзіңді арқа тұтқан,
Жалы неге жығылсын құлан елдің.
Зардап шеккен жұртыңа шуақ бөліп,
Тал бойына жүгірдің қуат беріп.
Іске шұғыл кіріскен жанын салып,
Жұмысшы күш жан-жақтан шұбап келіп.
Іштерінде ақылды жан табылып,
Кімге көмек көрсетсін жат сабылып.
Беделіңнің арқасы
Сол өңірге
Мол жүк артқан керуен жатса ағылып.
Қыдыр сенің айналса жолдасыңа,
Неге өлеңмен жазбайын сөз басына.
Құлан аудан қайыра салынған-ды,
Құлан елдің иленіп көз жасына.
Тұрғындардың көңілі, жаны ағарып,
Аудан қайта салынған жаңаланып.
Алғашқыда бәрі де аһ ұрған-ды,
Сыңар қанат аққудай сабаланып.
Уақыттың оғынан жараланған
Қай қазақтың еңбегі бағаланған.
Жаңаланған тек қана аудан емес,
Жұрттың бірге өмірі жаңаланған.
Қазақы өстің,
Қазақы сөз білесің,
Бауыр жазып жазықта көсілесің.
Атқан сайын жаңа таң арайланып,
Сен де алысқа жаңарып көз тігесің.
Сауық құрған төсінде сайран белдің,
Жұртың сені тумаса қайдан келдің?
Мүмкін өзі шығарсың бой жасырған
Қайқы білек қылыштай қайран ердің.
Мүмкін ары шығарсың Алатаудың,
Мүмкін бағы шығарсың баянды елдің!