19.04.2022
  207


Автор: Рафаэль Ниязбек

Жыр – шашу

Аман жетіп сұм соғыс атқан оқтан,
Аман жетіп дұшпан көз жаққан оттан,
Намысыңның ақ туын жыққан жоқсың,
Құласаң да жығылып шапқан аттан.
Көкірегің әлі де дауыл – керней,
Дауыл – керней өзіңе дамыл бермей,
Түрмеде де арыңды қорғап қалдың
Шыңын жауға бермеген жауынгердей.
Тұғырдайын ілесіп көп қараға,
Содан бері қанша жыл өтті арада.
 – Өмір, – деген, – не десе,
не дер едің?
Өмір деген білгенге көкпар, аға!
Замананың бұзылып дүркін демі,
Баз біреулер көсемсіп күрпілдеді.
Қазақ болып туғанмен
Сол қазақтың
Сөзін сөйлер кісі аз-ау бұл күндері.
Қилы заман көрініп жат пішінде,
Сұмдығы ерен тұншығып жатты ішінде.
Ұстараның жүзінде жүрдің, аға,
Бар ғұмырың өткенмен ат үстінде.
Түскен жоқсың әлі де ат белінен,
Аман-есен оралдың жат жерінен.
Азамат боп қамалсаң
Ақын болып
Түрегелдің түрменің қақ төрінен.
– Дәм татпақ ең, айтшы, – деп, – қандай тойдан?
Жау төбесін сардарсың майданда ойған.
Қанша азаптап салса да
Асыл тексің
Тамұқ, тозақ отына жанбай қойған.





Пікір жазу