19.04.2022
  150


Автор: Рафаэль Ниязбек

Жақсылық ақын

Шуақ есіп жүрегі – қанатынан,
Жақсылық жақсылық боп жаратылған.
Алғашқы ақын сол еді
Ар-иман боп
Асқаровқа – асылға ара тұрған.
Ел-жұртынан қол үзген, тірегінен,
Тұтқын жайын ұғынып жүрегімен, –
Сардалаға жар салып
Көктен төнген
Зұлымдықтың көк бұлтын түре білген.
Қыл көпірдің тұрса да шетін басып,
Зұлмат күштің берген сол бетін ашып.
Жар салды елге:
– Арыңа ара түс, – деп, –
Өз ұлыңның жемесең етін асып.
Ата жолын ел болсаң мұра көрген,
Жарамайды күн жаумай бұға берген.
Халқым, сені, кім кепіл, атпасына
Асқаровты көздеген құла мерген.
Жүзеге аспай ұлыңның көп талабы,
Әділдік ед бел байлап тоқтағаны...
Қорлағаны емес пе, халқым сені,
Асылыңды жазықсыз соттағаны.
Соры қайнап, ұшқанда тақтан бағы,
Намысыңның бұл қалай тапталғаны?
 Шыжғырылып табада,
аз ба еді, айтшы,
Сүмбіл сұлу денеңнің қақталғаны?!
Асқар тау мен кең дала жайлағаның,
Неге керек қызынып қайнағаның.
Асылыңды жіберсең оққа байлап,
Өзіңді оққа, оу, халқым, байлағаның.
Өлмеймін деп кеудемнен жүрек өлмей,
Тамақ аңдып найқалып жүре бермей, –
Ұран қосқын үніме,
Неге жатыр
Алатау боп намысың түрегелмей?!
Қойдай шұбап оңнан да, солдан да өріп,
Күн көргенде ырзығын жолдан теріп,
Аузыңды аққа жеткізген сол емес пе,
Қоясың ба шынымен қолдан беріп.
Қолдан берсең ұлыңды – жер болғаның,
Неге керек асқар тау, бел болғаның?
Қорғап қала алмасаң өз еріңді,
Неге керек еңселі ел болғаның?!
Қорғап қала алмасаң жасынды ұрып,
Көрінгенге кеудеңді басындырып
Омалғаның –
кімнен де басым тұрып.
Жау кеткен соң боққа шап қылышыңды,
Жесір қатын секілді шашын жұлып.





Пікір жазу