19.04.2022
  123


Автор: Рафаэль Ниязбек

Халықтар үні

Ірге жайған тас дөңде,
Маскүнем мұжық – Мәскеуде.
– Азаматты босат, – деп,
 Көтерілді
кілең қазақ – жас кеуде.
Наразылығын жатты айтып,
Ақ мақталы Тәшкен де.
– Жарқырап жанса жұлдыздар,
Қариды неге түнгі ызғар?
Азаттық бер деп ағама,
Бұйра жалды толқындай
Буырқанды ұл-қыздар.
Атқа қонбақ болысты
Батыр Манас – қырғыздар.
Белдеуіне
Теке жәуміт арғымақ ат байлаған,
Беліне
бес қаруын асып сайлаған, –
Түркімендер ұран қосты бір жақтан
Қызыл құмды еркін кезіп жайлаған.
Бірі – ойда,
Бірі – қырда
жайқалған жасыл баулары,
Ортақ болған қашанда елдің жаулары.
Асқаровқа азаттық тілеп,
Өре түрегелісті
Кавказдың барлық таулары.
Бірге тұрған аспан сынды – пәтерде,
Шыдамады игі тілек жат ел де.
Мұхиттардың ар жағынан үн қатты:
– Есіл ерді ұстама, – деп, – қатерде.
Шалғай жерде – жырақта,
Жанған жалғыз шырақ та:
 – Азаттық бер, – деді, – ерге,
Дарияға асығады бұлақ та.
Маскүнем мұжық сұм Мәскеу
Ол тілектің бірін де
Қабылдамады бірақ та.
Елемеді Канаданың тілегін,
Кері қайтарып
журналистер – түлегін.
Айдын асырған АҚШ-тың да
Түсінгісі келмей бұртиған
Ат басы алтын жүрегін.
Ақымақ елге дау бар ма
жарық деп сезінген
өзінің қара түнегін.
Көріп өскен тепкіні
Түсінсін қалай тектіні.
Шуақ шашқан бар елге
Толастамаған кекті үні.
Жүрмейміз ылғи тарынбай
Боқ қарындай жарылмай.
Құлдыраудан танбаймыз
Құлдық санадан арылмай.
Жарқыраған күнін де,
Халықтардың үнін де
елемей
сөйлеп үйренгенбіз
қараңғылықтың тілінде.
Шовинистер – атжалман,
Коммунисті – бүрге де.
Сондықтан да бар халық
Көрдей суық түрмеде.





Пікір жазу