Сөйле, Асанбай!
Жүрегіңді жүгірген ерге балап,
Бұла жырың жатқанда елге тарап.
Жере қарап қалсаң да, азаматым,
Сөйлей көрме тегінде жерге қарап.
Сөйле, Асанбай, төбедей аласармай,
Халқың – жүрек,
жүрекке жара салмай.
Жақсылық пен жамандық –
қос жағалау
Келе жатқан ежелден жараса алмай.
Сөйле, Асанбай, жаралған баққа ғана,
Жасымасын өзіңді тапқан Ана.
Жай түскендей төбеңнен неге тұрсың,
Жай да таңдап түседі аққа ғана.
Кінә артпағын ол үшін сүйікті елге,
Шыбын жанын жүгірген түйіп белге.
Жай түскендей төбеңнен неге тұрсың,
Жай да алдымен түседі биіктерге.
Жүрегіңнен өткізіп өктем үнді,
Қалдырдың ба түрмеде көктеміңді?
Тауларға ұқсап қайыспай тұрар деуші ем
Өрт шалса да көк шалғын бөктеріңді.
Бұла күш ең бұлқынып шыңға атылған,
Жанарыңда анау не?
Мұң ба тұнған?
Қартаяйын дедің бе?
Қарағай ең
Алатаудың басында – шыңда тұрған.
Дүние сырын, тылсымын жете білген
Азамат ең Ақ тауды жеке мінген.
Жеке мінген,
Ақ үйге төте кірген.
Сөйле, ендеше!
Түрменің қақ төрінен
Ақын боп та қайтадан көтерілген.
Тіл байланып тұр деме, тіл байланып,
Жоғалсаң да құрдымға – құмға айдалып.
Феникс құс секілді шамаң жоқ па,
Ол да қайта тірілген күлге айналып.
Кектісің де бұл күні, тектісің де,
Сөйле, Асанбай, алаулап от пішінде.
Елің сенің демесін:
Азаматтың
Сыры айтылмай арманда кетті ішінде.
Суырылған семсердей жарқылдағын,
Жарқылдағын,
естісін халқың бәрін.
Көкірегіңнен құйылған өжет жыр боп,
Нарқыңдасың,
әлі де нарқында әнің.
Шешілетін күн бүгін ақтарылып,
Сөйле, ендеше, Асанбай, тартынбағын.
Ойға шомған орыстың орманындай
Көрсін жаулар артыңда халқың барын.
Қас дұшпаның тұрғанда қорлай күлген,
Қыранға ұқсап жасыма торғай бүрген.
Өзін жаудан қорғаған ер жігіттер
Ел мен жерін қашанда қорғай білген.