19.04.2022
  125


Автор: Рафаэль Ниязбек

Сатқынның ақталғаны

Асан аға!
Алдыңда ақталғаным –
Сырымды да,
мұңымды ақтарғаным.
Көзбен көріп,
басыңнан сен де өткердің,
Ардың қалай түрмеде тапталғанын.
Саттың деме сыртымнан сатқын неме,
Талай мәрте кеудеңе аттым жебе.
Мұң шағамын анама:
– Өз ұлыңды
Сатқын етіп, – деп ылғи, – таптың неге?
Болмады, аға, өзіңді сатпасыма,
Жауың болдым –
айналмай жақтасыңа.
– Айтқан тілді алмасаң, – деп қорқытты, –
Қатын етіп саламыз жат қасына.
Сәулесі боп көзде ойнап алтындардың,
Іс түскенде басына жарқылдар кім?
 Ақ некелі жарымды
бермек болды,
Додасына жез өкше қатындардың.
Тұлғасы боп тұрғасын тентек те елдің,
Уысында мен солай жентектелдім.
Әйелімді қорламақ болса қайтем
Бауырларын жауыр ғып еркектердің.
Көгермесін –
көсегем көгермесе,
Не істеймін –
Нар құным төмендесе, –
Қызыңды – күң,
Ұлыңды – құл етіп те,
Абыройыңды айрандай төгем десе.
Саттым содан өзіңді –
кінәлама,
Жерде – құлан,
көкке ұшса қыран, аға!
Жалған Дүние үйретсе жалғандыққа,
Адам сатпай бір-бірін тұра ала ма?!
Оқтар жоқта төбеңнен жауып тұрған,
Туырлықтай бұлтты да қауіп қылған.
Заманыңды кінәла
Адамдарды
Бір-біріне айдап сап жауықтырған.





Пікір жазу