19.04.2022
  128


Автор: Рафаэль Ниязбек

Алаш жеріне алғаш жеткенде

Естіп білсін құлағы түрік пенде,
Тепкі көрдім бұзықтан,
күліктен де.
 Сағынышым жас болып сорғалады,
Далама алғаш тұяғым іліккенде.
Кең далаға кімдер кеп,
кім сіңбеген,
Бауыр жазып,
Кезі еді бір сілтеген, –
Доңғалағы пойыздың деп ойлама,
Жүрегім ед
ол менің дүрсілдеген.
Алау демін қызыл шоқ оттай көрген,
Пойыз зулап келді де оқтай мерген.
Стансаға жеткенін баян етіп,
Тізгін тартып, ақырын тоқтай берген.
Маңайынан мұнарын жаңа ысырып,
Қарсы алғанда түлеткен дала ұшырып.
Түрме – кеуде,
ішінде жұлқынды-ай кеп,
Асау тарпаң жүрегім аласұрып.
Жөнелгенде бір сезім ерікті алып,
Жеткен жандай жағаға өліп-талып.
Сыртқа үңілдім
баса алмай аптығымды
Терезеге сол сәтте төніп барып.
Атқа мініп намысым тебінгенде:
– Шықтым, – деппін, – тозақтың көрінен де.
Елестеді Анам боп
көз ұшында
Ақ жаулықты қарт ана көрінгенде.
Қайдан мені ұмытсын өнеге артқан,
Өлік, сірә, болмаспын төбеге атқан.
 Ұл-қызым боп көрінді
бір топ балғын
Көз ұшында жүгіріп келе жатқан.
Тәңірідей өзіне табындырған,
Асыл жарым қайда жүр сағындырған?
Фатимашым емес пе ана біреу
Орамалын бұлғаған сағым қырдан.
Сұм тағдырдың жоқ шығар енді аласы,
Жапа шеккен қазақтың мен баласы.
Туысымнан мені ешкім қарсы алмады,
Қарсы алды тек Алаштың кең даласы.





Пікір жазу