![](/uploads/shorttexts/author_image/rafaehl-niyazbekov.jpg)
Азап вагоны
Алмас қылыш секілді жүзі өтпеген,
Жер бетінен жоғалып ізет деген.
Тұтқындарды пойызға алып жүрді
Болат темір құрсанған күзетпенен.
Қасқыр иттерін шулатып абалатқан,
Солдаттардың ызғарлы қабағы ақпан.
Жан-жағына қараған жалп етеді,
Сыпырылған тоқымдай жабағы аттан.
Солдаттарды жазғырып керегі не?
Оқ ат десе –
оқ атқан өреніне.
Жапырақ боп қалайша байланады,
Туған жердің тал, емен, терегіне.
Жақсылық пен жамандық айқасқалы,
Жұрттың шығып көрген бе айға аспаны.
Вагонға кеп өн бойы шойын темір
Асқаровтың жаңа еді жайғасқаны.
Дүниеге бір өзін тіреу көріп,
Тұра қалды алдына біреу келіп.
– Тірісің бе? – деді де,
сарт еткізді
Сырт айналып ілгері жүре беріп.
– Айналамнан суық көз – салқын қашып,
Тұр ма сенің мысыңды нарқым басып.
Неге ұрасың кісіні? – деді Асқаров,
Қос көзінен ызалы жалқын шашып.
– Вагон іші – бір майдан,
шулы алаң да,
Не істейсің? – деді әлгі, – тулағанда.
Сен – жалғызсың,
біз – көппіз,
кімді ұрамыз
Анаңнан сен егерде тумағанда.
– Ала бөтен жуандап жал біткенде,
Неге есірік атады жантық-пенде?
Әділет кеп өзіңнен жауап алса,
Қармай алмай қаларсың тал-түптен де.
– Әділет пе шарқ ұрып іздегенің,
Көзін жойған жандармыз біз дегенің.
Әділет жоқ білдің бе?
Үйде туып,
Үзіледі сенің де түзде демің.
Әділет пе керегі?
– Иә, әділет.
– Табанымның астынан ізде менің.
Сындырғандай орманның бір ағашын,
Білем сенің құныңды сұрамасын.
Кім жемейді бүгінде қарпып асап,
Табаққа сап тартылған сыбағасын.
Сыбағасың,
жейміз біз етіңді асып,
Сөйлер болсам салғаннан бетімді ашып.
Қыл көпірдің, тұтқыным, білемісің,
Тұрғаныңды қатерлі шетін басып.
Ашылады демегін қайта аспаным,
Өткергенің бір түнді –
қайғы асқаның.
Азап, тозақ вагоны ұғамысың
Қоқыстарды төсеніп жайғасқаның.
Бұлдыр сағым –
самал боп жағаңда ескен,
Сәуле қанша тұншығып санаңда өшкен.
Кең далаң да – бір вагон азабы мол
Қайғы кешкен нар халқың,
нала кешкен.
Жерің – майлы,
суың – бал,
қыдыр – етің,
Беріп тұрмай өздерің бүлдіретін.
Қажет көрсең еліңді қылмыскер деп,
Шығаруға жетеді құдіретім.
Шойын кеуде ұмтылды несін біліп,
Тұтқынды алғаш жанынан безіндіріп.
Ұрып-соғып, сыпырып тонады-ай кеп,
Түк қалдырмай лыпасын шешіндіріп.
Ел көрмеген сұмдықтың бетін көріп,
Мұндай тажал қай белде жетілді өніп?
Тыр жалаңаш ер тұтқын келе жатты
Жаңа туған анадан секілденіп.