19.04.2022
  190


Автор: Рафаэль Ниязбек

Шамырқану

Талауына түссең бүргенің,
Шабуылға шығасың сайланып,-
Көрдей суық түрменің
Тас қабырғаларына қайралып.
Қайралып қайта жетілдім,
Жетілген сайын бекіндім.
 Көкіректері сұмдық кек тілеп,
Қопарып шындығым – шынарды, –
Түрмеде жабыла тепкілеп,
Ит сілікпемді шығарды.
Қарсы алдым бұлыңғыр,
қыл көпір,
Ал соңым зындан – шыңырау.
Айналам түгел жын нөпір,
Тал бойымды қысқан мың бұрау.
Құлын дауысымды шыңғыртып,
Азапқа қиянат салғанда, –
Көз жасымды жұтам қылғытып,
Өзегім өрт боп жанғанда.
Ит қорлықты мұндай көрмеп ем
Жарық Дүние, жалғанда.
Аяғыңды әзер көтеріп,
Кеудеңді жүрсең сүйретіп,
Соғады-ай
қалсаң да жөтеліп
Он екі қабырғаңды күйретіп.
Сенгендер бура сан күшіне
Алдыңнан шығады тағы да.
Түрменің орнаған ішіне
Жунглидің қатыгез заңы да.
Көк бауыр, етіне түйрелген
Сүңгіге айналған әр күні.
Арлыны шын қорлап үйренген
Түрменің жунгили тәртібі.
Жау жоқта көрінген шалғайдан,
Өзара жауыққан жұрт қанша.
 Түрменің құж іші – қан майдан
Кеудеңнен шыбын жан шыққанша.
Түскендер де кісі өлтіріп,
Құдайдай өзін ұстайды.
Мазалап, жынын келтіріп,
Рұқсатсыз шыбын да ұшпайды.
Қайтесің, бауырым, хал сұрап,
Бірімін бұл күні кектінің.
Жан қанша сұлаған қансырап,
Астында көк жойқын тепкінің.
Көздері қып-қызыл қанталап,
Тұс-тұстан жамырап төнгенде,
Тастардай бұтақтай жаңқалап,
Шығармын дейсің сен өлген де.
Мұңыңды сен кімге шағасың,
Айналаң кіл бұзық,
алайда,
солардың қабағын бағасың
ерте өлмеу үшін қалайда.
Тас түйін бекінгем өлмеске,
Жылтырап жанғанда көзімде от.
Не шара булығып көнбеске
Шыдайсың бәріне төзім боп.
Жалаға, пәлеге шыдармын,
Тұрсам да өмірдің шетінде.
Мен – жалғыз Бәйтерек шығармын
Қап қойған желдердің өтінде.





Пікір жазу