19.04.2022
  243


Автор: Рафаэль Ниязбек

Елге хат

Күйігінен өртенген толғаныстың,
Көз жасымды сырадай толғап іштім.
Төрт жыл өтті
жатырмын абақтыда
Күйін кешіп жаралы жолбарыстың.
Жат жерде емес,
Мәскеуде,
жуықтамын,
Мен дегенде қалған ба суып қаның.
Есте жоқ па суықты жылытқаным.
Ұмытқаның өзіңді емес пе, Елім,
Өз ұлыңды біржола ұмытқаның.
Абақтыда жатырмын тоқта қайнап,
Өзімді өзім ақтармын сотта сайрап.
Елдің тегі оңғанын көрдің бе, айтшы?
Азаматын жіберген оққа байлап.
Түк көрмеген секілді тұр-ау жалған,
Шалды қайтсін самайын қылау шалған.
Қазақ тышқақ лағын да іздейтін ед,
Қайсың барсың ізіме сұрау салған.
 Құрысын деп бірлігім,
құрыштығым,
Ойладың ба жаныңның тыныштығын.
Ағайын көп ат ізін салмай кеткен
Сылтау етіп тірлігін,
жұмыс күнін.
Сезгенде егер басыма бақ қонарын,
Ағайынның білгенмін жат боларын.
Алдымды орап сан мәре жүргізбеген
Талай жерде суырып ақ боранын.
Хатшы болмай айбынды,
Атшы болсам
Жүрген ішін тазалап ат қораның.
Отырмас па ем бұл күні отбасымда,
Жолда қирап,
ат-арбам тоқтасын ба?
Бала-шағам,
әйелім мына мені
Зар еңіреп тірідей жоқтасын ба?
Атшы неге болмадым,
О, Жасаған!
Қарапайым күн кешкен көп қасында.
Онда, бәкім, жатпас ем тас түрмеде,
Арланменен алысып,
қасқырмен де.
Тепкісіне түспес ед көрінгеннің
Алып жүрек мендегі тасқын кеуде.
Масайраған қарынның тоқтығына,
Шам көрмей ме қол салсаң шоқтығыңа.
Ізде мейлі,
іздеме,
өкпелемен,
Қадірімнің күйінем жоқтығына.
 Қалай шықсын бұрқырап жарқын демім,
Қорғамаса шырылдап халқым, елім.
Ақтығыма тау куә,
Құдай куә,
Түсірмеймін,
түспейді нарқым менің.
Қайран елім тірлігін тірнектеген,
Күнім бар ма өзіңмен бірге өтпеген.
Дақ түсірме Арыма,
Асылданмын
Ғұмыр бойы жағасын кірлетпеген.
Шамырқанып жазылған өлеңім көп,
Жырға айналдым
өнерге керегім боп.
Қорынамын нақақтан күйгеніме,
Қорықпаймын тамұқта өлемін деп.
Өжет жырым –
иілмес арлы басым,
Белгілі енді тозақта арымасым.
Өжет жырым –
түрмеден ұшып шығып,
Елге жеткен сағыныш –
Қарлығашым.





Пікір жазу