Анасын сағынғанда
Кергімейтін, анам-ай, қасын керіп,
Тас атқанды сыйлаған асын беріп.
– Қатынбысың! – деп суық зілденуші ең
Бала кезде көзімнің жасын көріп.
– Тақымыңа бұрау сап бұрағаны,
Ер баланы тағдырдың сынағаны.
Қатындығы еркектің, – деуші ең және, –
Қиын шақта босаңсып жылағаны.
Әділдік ед Тәңірден сұрағаным,
Қабыл болмай қиылды бұлақ-әнім.
Асыл анам!
Сынғаным емес шығар
Ақ бас бура кезімде жылағаным.
Төріне кеп бақ, қыдыр дамылдаған
Жан едім-ау, қайтейін, жалындаған, –
Нар халқына жүгірген қуат беріп,
Асау қаны бойында ағындаған.
Енді, міне, жатырмын тұтқындалып,
Босатады қапастан кім құтқарып?
Нақақ күйген жалғанда жаман екен,
Шөлдегенде жасымды жұттым налып.
Боз торғайдай жанымды шырылдатты
Көз жасына елімнің,
жұрттың қалып.
Ғұмыр бойы көгерткен боз даланы,
Кімге керек жанымның боздағыны?
Аз қазаққа бұлт болып төніп тұр-ау,
Қалың орман орыстың озған әні.
Не пәлені қаптатып бір басыма,
Тұр айналып ажалдың тұлғасына.
Құрбан етіп шалардай шаттанады
Мені апарып қайнардың тұнбасына.
Бұлар ердің жүрмесе бағын байлап,
Қызына ма миымда қаным қайнап.
Біздерді енді тықсырмақ жер астына
Біткен жоқ па даланың бәрін жайлап.
Неге, ендеше, құлпырсын өмір жайнап,
Қызсын қалай еңбектен өңір қайнап.
Еңіреген елім деп ерді түгел
Жатса егерде тобымен өлімге айдап.