19.04.2022
  101


Автор: Рафаэль Ниязбек

Мен – қазақпын

Шығамын демен ақталып,
Ісіне түгел қанықтым.
Тірідей мен де қақталып
Отына жандым тамұқтың.
Жоғалып қызық дәурені,
Түрмеде түнек қалыппын.
Күннің нұры – сәулені
Көре алмай қанша жанықтым.
Жалған дүние, жалғанда
Басыңа бейнет салғанда,
Кім кетпеген арманда.
Ел-жұртынан бөлініп
Жападан жалғыз қалғанда.
Ақ бас бура шағында
Мен бе екен суық көрге енген, –
Сорға айналып бағым да
Тірідей көрге жерленген.
 Ақ семсер ем жасымда
Ата жауға сермелген.
Шау тартқан шағым – бұл күнде,
Нарқымды жоғалтуым мүмкін бе?
Қайралудан
жұқарып қалған қылышпын,
түгі кеткен қыжым, пүлішпін.
Шайқалып төгілген ырыспын,
Қорытылған от пеште
құйылмаған құрышпын!
Қартайсам да
қиып түсер қияқпын,
жол тоздырған тұяқпын.
Арсыз Дүние бетінде
Қалып қойған Иман,
Ұятпын!
Істеріңді істеп бақ,
Қыларыңды қылып қал,
Жын ойнаған көк көздер!
Өшкен шырақ жанғандай
Қайта оралса от кездер.
Түрме – қынап,
суырылған қылыштай
мен де бір күн шығармын,
Шыға алмасам сынармын.
Тасты жарып,
Бостандыққа ұмтылған Шынармын.
Шау тартқан мені демегін,
Сол болсын жалғыз көмегің.
 Қыран қартайғанда
қауымды келген.
Семсер қанаты сілтенгенде
құз кеуде тауыңды бөлген.
Төбемнен бұлтың төнгенде
қалайын неге қорғанбай.
Түрмеңде шіріп өлгенде
гүрс етіп құлаған қорғандай.
Қырға апарып көмгенде
өркен жаярмысың ормандай.
Айтқаныңа көнбен,
көнбеймін,
Намысым оянған жасарып.
Ендеше, мен де өлмеймін,
Жарға біткен емендей қасарып.
Ішінде туып азаптың,
Түндігі биік түрілген, –
Өйткені «Мен – Қазақпын
мың өліп, мың тірілген!»





Пікір жазу