Тұтқындалғанда
Босағаны болмаса жұрттың налып,
Ара түсіп қала алсын кім құтқарып?
Сайғақ құрлы елімнен сая таппай
Кете барғам өткенде тұтқындалып.
Темір-жүрек тергеуші өлмесем де:
– Кіресің , – деп зілденген, – көрге сен де.
Саған енді бұл жерден шығу қайда
Хатшы болып кезінде ерлесең де.
– Өйтіп мені, қорқытпа, – деген кенет, –
Қазір көрге тірідей жерлесең де.
Зұлмат болып жаралған құдіреттен,
Ысқырынған көрініп тұғыры өктем.
Төзе алмадым қорлыққа
Жан едім ғой
Жорға үстінде жарқылдап ғұмыры өткен.
– Сорлағасын ел-жұрттан шетте қалып,
Өр намысын жастардың кекке малып,
Бастап шыққан алаңға сенсің, – дей ме, –
Шерлі өзендей бұл күнге жеткен ағып.
Қайшы келіп тұрса да заңға бәрі,
Жазықсызды жазалау қалған ба әлі.
Естен танып құлаппын,
шара бар ма,
Шындық үннің шырқалмай заңғар әні.
Жұмыр басым келмеген неге көніп,
Ұрып әлде жықты ма төне келіп.
Суып сұлық жатырмын
қозғалтпайды
Тас төсекте тал бойым шегеленіп.
Тіршілігін бастаған құла таңда,
Ұят әлі бар екен бұл адамда.
Емханаға жеткізген жедел алып,
Естен танып мен алғаш құлағанда.
Бұлдырайды айнала сағымданып,
Шығу қайда ат қойып,
дабыл қағып.
Тас төсегім секілді қара табыт –
Жатқандаймын табытта жанын бағып.
Күнің құрсын түскесін ат белінен,
Аққудайсың көз жазған шат көлінен.
Жұртта қалған көне, ескі бұйымдай боп,
Дүниенің барлығы жат көрінген.
Елді айырып үйренген қымбатынан,
Айықпапты бұл қоғам сырқатынан.
Ығыспаған тау бар ма,
дала бар ма,
Қызылала құбыжық тұрпатынан.
Жақсылық пен жамандық айқасқалы,
Жалғыз бұл ма көз нұрын май басқаны.
Айықса егер сөйте ме
дімкәс жанға
Үш күзетші қойғаны қай сасқаны?!
Қайдан болсын тағдырдың күзі өтпелі,
Табанымнан аздай-ақ сызы өткені.
Бұйырмасын түсінсем
жалғыз мені
Үш кісінің бұл қалай күзеткені?!
Тынбас мені жасытып дара жықпай,
Тыныс та алмай...
кей-кейде ауа жұтпай, –
Сауысқаннан үшеуі сақ күзетіп,
Сақтап, қорғап келеді қарашықтай.
Бет-өңірін,
қабағын мұз, қар басқан
Қадалғанда алты көз ызғар шашқан.
Пенде түгіл шыбын да кіре алмайды,
Есікті тек Мәскеулік құздарға ашқан.
Бір жарамсақ пайда боп қас қаққанда,
Көтерілген бой түзеп асқақ таңда.
Қазақ басын тартқан-ды сол жарамсақ
Табаққа сап Колбинге бас тартқанда.
Бұны жалғыз бергенмен байлап бәрі,
Қусырылып өлкесі,
аймақтары, –
жатты артынша төгіліп қара жерге
сыпырылып қазақтың қаймақтары.
Шыныдайын сүртілген құр жылтырап,
Дүние-әлем...
бәрі де тұр қалтырап.
Елім – емен болса егер,
бұтағында
Қалып қойған мен бейне бір жапырақ.
Қой тастарды айдаса сел қуалап,
Бұтағамнан үзердей жел жұлмалап.
Өкініштен аһ ұрып жатқандаймын
Өксік қысып кеудемді жер тырмалап.
Ел мен жерден бұл күні кие кеткен,
Кие кеткен
және де ие кеткен.
Долы қатын секілді
айғыздауда
Тамтығыңды қалдырмай шие беттен.
О, қу заман!
Қу заман!
Сірә, оңбассың
Мұзды ызғарын өткізген сүйек, еттен.
Есең кетіп бара ма бал таңдайға,
Ұқсайсың-ау қисайып, жантайғанға.
Нең бар еді тұтқындап мен бейбақты,
Бойдан қуат,
жүзімнен әр тайғанда.
Алжастың ба кәрліктен
күнін көрген
Тышқан аулап арыстан қартайғанда.
Тұра беріп орнынан қалбалақтап,
Есік жаққа қараған тағы алаңдап.
Дәрігерін таныды
көрінгенде
Ақ халаты үстінде ағараңдап.
– Шүкір, – деген бұған да сәл жадырап,
Жапырақтай тал бойы сан қалтырап.
Дүниенің, кім білсін, не боларын,
Халат киген жандардан қалса ажырап.
Ол кіргенде жадырап, қунап қалып,
Кәдімгідей кетеді қуаттанып.
Құсалақтан өлер ед
жүрмесе егер,
Емен-жарқын тілдесіп, шуақтанып.
Абыздайын қасында отырғаны
Өткен-кеткен жайлардан сыр ақтарып.
Көңіл сұрап,
достар жоқ шұбап келген,
Мұрат көрген кезінде,
қуат көрген.
Көрдей суық тас бөлме
жалғыз ғана
Дәрігер-дос жанынан шуақ бөлген.
– Сырқатты ойлап, жігерің жасымасын,
Жазыласың, – дейді, – аға, жазыласың.
Періште боп жанымды қорғап тұрса,
Неге менің көңілім тасымасын.
Жазылармын мен, сірә, сырқатымнан,
Жүрегіме тулаған шырқатып ән.
Қоғамды емдеп жазбасақ біз әуелі
Туғаныңнан не пайда бір қатыннан.
Өзеніңнен не пайда Жайықтаған,
Жығылмаймын демегін тайып табан.
Ауырмайтын бір пенде болмайды әсте
Қоғам барда дертінен айықпаған.