Мәскеу сапары
Ойым жоқ-ты түрмеге түсем деген,
Көнеді екен бәріне кісі өлмеген.
Үш қарауыл Мәскеуге алып жүрді
Қос қолымды шынжырлап кісендеген.
Тарғыл тағдыр қараса қырауланып,
Тастамай ма көрден де бір аударып.
Қолға түскен кісен не?
Келген жоқ па
Ақыл-ой, миың қоса бұғауланып.
Айбат шеге қадалған дұшпаныма,
Аруақтар қонды ма күш-бағыма.
Үш қарауыл күзетіп
Таңырқаймын
Темір құспен мені алып ұшқанына.
Зұлмат күшті бейнелеп сан суретте,
Жүрек отым, ендеше, жансын көкте.
Үш қарауыл мені алып ұшты ма, әлде
Аспан шарлап шарықтап қалсын деп те.
Қайдан олай ойласын шойын жандар,
Шойын жандар –
қан ішіп тойынғандар.
Түрме – табыт,
жатады соған барып,
Мен секілді тірідей сойылғандар.
Бойда тұрса қазақтың тасып қаны,
Өлімді айтып сөз емес жасытқаны.
Ажалыма ертерек жеткізбек-ті,
Темір құсқа мінгізіп асыққаны.
Темір құсқа мінгізді қайдан ғана,
Үш қарауыл қарайды айбарлана.
Алатауым төменде мұнартады,
Сағым кешкен бүк түсіп қайран дала.
Көрген өмір жақсысын,
жаманын да,
Қыдыр қолдап,
ұштаған талабын да.
Темір құспен Мәскеуге сан ұшқан-ды,
Хатшы боп дүрілдеген заманында.
Келем көкте екі елі төбем жетпей,
Тұтқыныңа бұл жолы желең кетпей, –
Шойын жандар!
Сендерге мың рақмет
Ұшқан алып нарқымды төмендетпей.
Айналамнан кетпесе нұр жағалап,
Жүрген жоқ па сендерді жын сағалап.
Шойын жандар!
Мың алғыс, мың рақмет
Ұшқан алып нарқымды шын бағалап.