19.04.2022
  212


Автор: Рафаэль Ниязбек

Партияның қажеті не?

Дәурен көріп билігін,
дәрмен көріп,
Нұсқау беріп үйренген,
пәрмен беріп, –
Партияда қандай бір қасиет бар,
Ғұмыр кешкен құныс ой,
канденге еріп.
Шыбын жанын шырқырап белге түйген,
Ара түсе алмаса ерге күйген.
Партияда қандай бір қасиет бар,
Оқтын-оқтын бүйідей елге тиген.
Басын шалған әр төбе,
әр қияның,
Алжасқаны емес пе партияның, –
Қара шаңырақ – қазақтың шырқын бұзып,
Уықтарын сындырса мәрт ұяның.
Қабағынан қар жауып қарағаны –
Құрбан болған шырқалмай жабағы әні.
Қамағаны байырғы коммунисін,
Партияның бұл өзін қамағаны.
Сабағаны, ендеше, Асқаровты
Партияның бұл да өзін сабағаны.
Талағаны жабыла
Төбет боп та
Партияның өз-өзін талағаны.
Содан ішке алау боп жалын түскен,
Жүрек қанша булығып қабына іскен.
Қанға жерік партияның қажеті не?
Өзі өсірген кадрдың қанын ішкен.
 Бұғанасы қатайып,
бекімеген
Боздақ қанша түрмеде шетінеген.
Қаны бұзық партияның қажеті не?
Өз халқының қорқау боп етін жеген.
Көресіні көп көріп келімсектен,
Азап қанша тозақта ерің шеккен.
Зұлым жендет партияның қажеті не?
Бейбіт күнде еліңе өлім сепкен.





Пікір жазу