МЕН КІНӘЛІ ЕМЕСПІН
Бәрі менде жетеді, жеткілікті,
Көпшіл жаным, әйтеуір, көпке ілікті.
Естіп жатам...
Елдегі бір ағайын:
– Шыр бітпеген сорлы еді... – деп күліпті.
Жақсы менен жаманды кезек көріп,
Жас кезімнен өскен ем өжетке еріп.
Маңдай термен маңдайым жарқырапты,
Енді отырсам өзіме есеп беріп.
Жалғыз қалған тал емен бөктердегі,
Тек қуаныш жанымның өткермегі.
Алматының төрінен ойып алған
Үйім де бар бұл күні төрт бөлмелі.
Кейде қатты батады
Біреулердің
Басымдағы бағымды көп көргені.
Әйтпесе не?!
Бүгінде не жетпейді,
Бәрі жетіп тұрса да өжектейді.
Тал бойымда бір мінім болмаса да,
Тал бойымнан мін іздеп безектейді.
Сол шіркіндер шынар боп өрге біткен,
Кейде тыға жаздайды көрге тіптен.
Тірі жанға залалым жоқ еді ғой
Кейде қатқыл айтсам да пенделікпен.
Тынбайды әсте сыртымнан бір сөз етпей,
Қадіріңді, шіркін-ай, білсе көптей.
Мен кінәлі емеспін
Кей пенденің
Маған деген көңілі жүрсе жетпей.