19.04.2022
  213


Автор: Рафаэль Ниязбек

КӨК БӨРІ

Тіршілігін жүр ме еді қарық көріп,
Ертелі-кеш көңілден жарық беріп, –
Асырады бөрінің бөлтірігін
Атам бірде үйіне алып келіп.
Бала күшік өзінше гүр еткенге,
Атам, сірә, көңілін жүдеткен бе?!
Шыға келді бөрінің өзі болып,
Алыс-жұлыс тірлікпен жыл өткенде.
Атам бірақ жүрмеді сезімге еріп,
Сезіміне үйренген төзім беріп.
Амал ойлай бастады
Көк бөрінің
Қанталаған қып-қызыл көзін көріп.
Баптап, күтіп өтердей мың жыл бағып,
Қолда ұстады мойнына шынжыр тағып.
Шынжырланған бөрінің күні құрсын,
Өтіп жатты күндері бұлдыр қағып.
Өтіп жатты көзінен кек тізіліп,
Әлдеқалай көңілге от түсіріп.
Жойқын күшпен бір күні жұлқынғанда,
Мойнындағы шынжыры кетті үзіліп.
Отырмады бөрі енді бұға беріп,
Құла көріп бір өзін, бұла көріп, –
Қырға беттей берген-ді...
Талады-ай кеп
Ауыл иті тұс-тұстан шыға келіп.
 Кеудесінде күмән жоқ кек барына,
Көк бөрінің бәрі де жетті арына.
Жалғыз өзі көп итке не істесін,
Кете барды айналып “көкпарына”.
Тілеп алып осылай сор басына,
Төбеттердің айналды олжасына.
Бөрі түгіл,
Оңбайды арыстан да
Түссе егерде иттердің ортасына.
* * *
Пақырмын ғой сен үшін зар көп шегер,
Күн туар ма саған да жар боп сенер.
Сені сүймеу күнә ғой, ақ маралым,
Жүрек деген құрғырың бар болса егер.
Сүйем сені!
Сүйемін бар жаныммен,
Жүрегіммен, арыммен, арманыммен.
Назаланба,
Жаныңа жасын байлап,
Сүйем сені Алатау – ардағыммен.
Өйткені сен құс тілді орманым ең.
Түсірсем деп ұзатпай үйге құсын,
Талай мәрте жанымның күйгені шын.
Жазғыруға бола ма бұл жүректі
Өз бақытын өртеніп сүйгені үшін.





Пікір жазу