19.04.2022
  125


Автор: Рафаэль Ниязбек

ӘКЕ РУХЫМЕН ӘҢГІМЕ

 


Өзіңе сұрау салып жер, көктен де,
Туыппын көп ұзамай мен көктемде.
Жан әке, перзентің ем іште қалған
Соғысқа суыт жүріп сен кеткенде.
 Бір ұлға арман еткен қол жеткенде,
Жан әке, көз жұмыпсың сол көктемде.
Жанынан үйіміздің көл орнапты,
Көз жасын анам байғұс көлдеткенде.
Көз жасы қалды анамның қырға тұнып,
Гүлі де жайқалмады ырғатылып.
Көңілі сергімеді
Жүрегінде
Қайқы, мұң жатқан соң ба шырматылып.
Қиындық көрдім содан жас шағымда,
Жүзбедім бірақ жылым басқа ағында.
Қым-қуыт қырық екі жыл өткердім...
Уақыт-ай,
Өте шыққан қас қағымда.
Қырқаның көтерілсем белесіне,
Түсетін боп барасың сен есіме.
Шын бейбақ мен едім ғой
Зар боп өскен
Әкенің өзі түгіл елесіне.
Қайғы, мұң қос қанатын таласа ұрып,
Ішімде тұрған болар, шамасы, ұлып.
Білмедім не себептен,
Содан, әке,
Көңілім сені іздейді аласұрып.
Тәңірден тілеп едің бала сұрап,
Сол бала сенен ерте қалды ажырап.
Соғыстан тірі оралған көп әкелер
Ұлдарын жүрген жоқ па әлі асырап?
Тағдырдың тап болғанда егесіне,
Түспейсің, қайран әке, неге есіме? –
 Қаз тұрған немересін
Бір ақсақал
Ту етіп көтергенде төбесіне.
Біздерді екі жарып, қақ бөлгенде
Оранып жата алмадым ақ көрпемде.
Есіме түстің, әке,
Бір ақсақал
Ұлына төрт бөлмелі үй ап бергенде.
Басымнан бұлағай күн аумағанда,
Бақытты жан болар ма ем бар ғаламда.
Жан әке, сені іздедім
Бір ақсақал
Ұлына машина боп заулағанда.
Бәрі де тұр-ау, шіркін, мерген көзде,
Көндікпей қайда барам көнгенде өзге.
Жан әке, сені аңсадым
Бір ақсақал
Ұлына соғым сойып берген кезде.
Соңынан жүрген жойқын тасқын ертіп,
Осылай бара жатыр жастық өтіп.
Жан әке, сені ойладым
Бір ақсақал
Қойғанда жаман ұлын бастық етіп.
Болғасын өжет мінез, жалындырақ,
Олардың қызғанбадым бағын бірақ.
Жамылдым ақша бұлтты көрпе ғылып,
Астыма төселгенде балғын құрақ.
Бармайын тағдыр айдап қандай жерге,
Сүйендім еңбегім мен маңдай терге.
 Әйтсе де жебеп жүрген сенсің, әке,
Сүйегің қалса да елден шалғай белде.
Биікке тұра қалған жыр мүсіндей,
Өр жаның қай жерде де тұр кішірмей.
Жеткердің Бақытқа, әке!
Жебеп мені
Жүргесін аруағыңа кір түсірмей.
Бір сен деп көп жаңғырдым,
Көп түледім,
Жау болса, келеді әлі тепкілегім.
Әкенің мен қызығын көрмесем де,
Әке боп қызық көрсем деп тіледім.





Пікір жазу