АҚЫН ЖӘНЕ ЗАМАН
Қайнар бұлақ бұлқынып бас алғанда,
Ақын еді албырап жасарған да.
Шындық болып алдымен Ақын туған
Жалған Дүние жалған боп қасарғанда.
Әкімі көп қай ел де бордай тозып,
Ақыны көп жасарған қашаннан да.
Дүниені неге Ақын жасамайды
Өлең өріп, тау тұлға қашағанда.
Біле білсең ақын ғой,
Ақын-жүрек
Дүниені шын етіп жасаған да.
Неге, ендеше, кәззаптар оқ атады
Бұрыштан да,
Қараңғы тасадан да?
Мұны бәрі біледі бүгінде Елдің,
Сөйле, Ақын! – деп Ғаламның тілін бердің.
Сөйте тұрып Пабло Неруданы
Құшағына жөнелттің Жұмыр Жердің.
Ақындарды салмаса көп тізеге,
Іштеріне, ойпырым-ай, от түсе ме?!
Назым Хикмет – түріктің ұлы ақыны
Соңғы өмірін елімде өткізе ме?!
Көзін неге Дүние бұламайды,
Жаңбыр боп та неге, айтшы, жыламайды?!
Кәне, шыққан мүйізі
Алыстырып
Мыңмен жалғыз қойғанда ұлы Абайды?!
Жандар қанша тергемей сотқа тартқан,
Зеңбірекке жан қанша оқтап атқан?!
Жұлдыздарға жол ашқан Бруноны
Таңып байлап ағашқа, отқа жаққан.
Не десе де зұлматқа анық бастап,
Тік келгенді семсермен жарып, жасқап, –
Сыпырттың-ау тірідей терісін де,
Нәсимидей ақынды таңып тастап.
Күні туып өзімді құрта ма деп,
Алабұртып,
Жын соғып,
Бұрқана кеп, –
Виктор Хараның шаптың он саусағын,
Гитара тартып, өршіл ән шырқама деп.
Қадалғаның мойны озық адамға көп,
Сескенгенің –
Тұтылып қалам ба деп.
Өршіл әнін тыя алмай,
Ақырында
Отқа өртедің қасірет алаңға әкеп.
Қаһары – оқ Ақынның, жаны – көктем,
Түбіне де не жыртқыш, тағы жеткен.
Сұранамын сондықтан
Қорға Ақынды
Дүниенің қабағын бағып өткен.
Алағызып, елігіп оқыс үнге,
Кетердей-ау тұтанып соғыс күнде.
Қорғамаудан Ақынын
Қазір, міне,
Тұрған жоқ па бар Ғалам от үстінде!