ШАШТАРАЗ НЕМЕСЕ АЛТЫННЫҢ БУЫ
Құлпырып тұрмасын деп ел ертеңі,
Қан сасытқан кең дала,
Кең өлкені.
Сақал-мұртын алдыртып хан отырды
Жерге барып көк орман көлеңкелі.
Жарқыраған жұлдызы туып көктен,
Хан еді ол бұл маңға суыт жеткен.
Жеңілденіп азырақ алмақ болды,
Нөкерінің бір тобы оралғанша
Ор қоянды әлгінде қуып кеткен.
Сөйтіп өзін жүретін тәңір көріп,
Шаштаразды шақыртып әмір беріп, –
Сақал-мұртын алдыртып отырған-ды,
Саятта да өзіне көңіл бөліп.
Бұрылғанда ұлы хан денесімен,
Елпек қағып жететін төбесімен,-
Шаштаразы жан еді қойдан жуас,
Мыңқ етпейтін сөксе де көбесінен.
Кенет, кенет...
Сол болды тосын келген,
Ойлады ма артық деп осында өлген,
Ұмытты ма әлде ол
Хан айбарын
Жанарынан жарқылдап жасын бөлген?
Құласа да шатырлап құдай көгі,
Алып жатып сақалын, былай деді:
– Тақсыр, тақсыр дегенге тасыранба,
Сенен, сірә, сырымды жасырам ба –
Тастайын ба бауыздап, ұлы әміршім,
Тигіздің деп тіліңді жас ұланға?!
Кері ағызып бұлқынған бұлағыңды,
Қайтер едің сөндірсем шырағыңды?
Асыранды иттерге
Кесіп алып
Қайтер едің тастасам құлағыңды?
Бұлақтайын ағызып бұл қаныңды,
Қансыратып қалдырсам құр жаныңды,
Қайтер едің?!
Оу, тақсыр, білемісің
Ұстараның жүзінде тұрғаныңды?..
Мұқалды ма ұлы хан тілсіз қалып,
Үндемеді,
Тұрса да тым сызданып.
Шығын қылып сөзімді қайтем дей ме
Көк тиындық мәні жоқ құнсызға анық.
Дүниені төңкеріп шайқап келген,
Шайқап келген,
Жынданса жайпап берген
Хан да кенет көрсетті басқаша өнер
Қынаптағы қылышын қайрат көрген.
Зор дауыспен жаңғыртып құба белді:
– Тереңірек қаз, – деді, – мына жерді.
Жер қазуға көп нөкер кіріскенде,
Хан да жайлап орнынан тұра берді.
Төбесінен қу құдай таза ұрғанда,
Бақыт солай о баста жаралған ба?!
Ат басындай, ойпыр-ай, алтын шықты
Күрек бойы әлгі жер қазылғанда.
Мініп жатып атына, түсіп жатып,
Барша жұртқа үйренген сұсы батып, –
Ханды бәрі жабыла мақтасты енді,
Көздерінен ғаламат ұшқын атып.
– Шымыр тартып шыңдалған шырғалаңда,
Өзің сынды хан бар ма бұл ғаламда?
Кереметті тағы бір көрсеттің-ау,
Саят құрып жүріп-ақ сұр далаңда.
Өзі болып осынау арай күннің,
Көкжиектен алаулап талай күлдің.
Сондықтан да, хан ием, айтыңызшы
Алтын барын бұл жерде
Қалай білдің?!
Отырды да қос көзі жасылданып,
Сөйлеп кетті хан кенет қасын қағып:
– Шаштаразым қырық жыл серік болған
Қайбір өскен жан еді асыл танып.
Ақ жын, көк жын аузынан кілең бүркіп,
Құтырғанын көрдің ғой түлен түртіп.
Төнген жоқ па төбеме –
Секілденіп
Көк желкемнен бүретін күрең бүркіт.
Қайтер еді ашпаса желге етегін,
“Ақым бар, – деп жынданды, – сенде менің”.
Табанының астында алтын барын
Еліргенінен біліп ем сол неменің.
Жүйрік деп пе ең маңдайын желге берген,
Асыл деп пе ең қанатын өрге керген?
Елірмес ед сол неме
Мас болмаса
Буына елтіп алтынның жерге көмген...
Бұның бәрі бүгінде түс емес пе,
Үні елеске айналған, күні елеске.
Біреулерді көргенде,
Ой, жазған-ай,
Сол шаштараз амалсыз түседі еске.