18.04.2022
236
АҒА РУХЫ АЛДЫНДА
Ақтарылып тағдырдың өрден селі,
Шығарып саламыз ғой ертең сені.
Жақсылығың кеткенше бірге өзіңмен,
Жамандығың күл болып өртенсе еді.
Сағым болып көзімді мұнша арбаған,
Қызығым ең,
Оны да кім жалмаған?!
Көңілімнің аспаны ойран болып,
Мұңға толды жанарым мұң шалмаған.
Өкінішпен қарама өткеніңе,
Рухың шығар әлі де көп көгіне.
Қара еменнің сен де, аға, бірі болдың
Жете алмаған көгілдір көктеміне...
Торлағанмен қара бұлт тұрағыңды,
Өшірген жоқпыз бірақ шырағыңды.
Егін-жайға жіберіп тұрмыз, аға,
Көкірегіңнен жосылған бұлағыңды.
Жанарыңа жалындап мұң толғасын,
Іздемейді өзінің кім жалғасын?!
Нарттай жанып сөну де керек еді,
Көкжиектен көрінген күн болғасын.