18.04.2022
  217


Автор: Рафаэль Ниязбек

КҮН АШЫҚТА СҮРІНІП...

Туған елін жыр жазып мүсіндеген
Ақын едің,
Үрікті құсың неден?!
Баяғыдай достарың көреді әлі,
Не демейді өзіңді түсінбеген?
Маңғазым ең, қайтейін, желге ермеген,
Не сұмдыққа тап болдың ел көрмеген?!
 Жамандықтың бәріне келіп ең-ау,
Жаны суық жандайын өң бермеген.
Досың, қасың...
Барлығы былай қалып,
Мұң тұнды ма көзіңе лайланып?
Аман болсаң сен одан, –
Жүре берді
Неге, ендеше, дүние шыр айналып?!
Қарсы жүзіп жүргенде жыр-ағынға,
Тас атты ма біреулер бұлағыңа?
Неге сонша ашынды арда жаның,
Қара жаңбыр жауды ма тұрағыңа?!
Оған да әлі бар шығар зауалды шақ
Бақа шықса құланның құлағына.
Көкірегіңде көз жазып жанған оттан,
Кезің, сірә, адасып бар ма шапқан?!
Капитандай тұрғаның мынау енді
Ашық күні кемесін жарға соққан.





Пікір жазу